Басты бетЖаңалықтарСұхбатҚоғамӘлеумет

Таразда пәтер кезегіне 18349 адам тіркелген

Тұрғын үй қатынастары бөлімі – қаладағы тұрғын үй қызметінің жай-күйін қадағалайтын мекеме. Бөлімнің бағыты көппәтерлі үй мен аула аумақтарындағы пәтер иелерінің ортақ меншігіне маусымдық пайдалануға қатысты шаралар жүргізу, тұрғын үйлердегі энергия және су ресурстарын реттеу, есептеу құрылғыларын мемлекеттік бақылауда ұстау болып табылады. Жылу беру маусымы басталар тұста аталмыш мекеменің басшысы Ғазиз Ералиевпен сұқбат құрып, саладағы жаңалықтардан құлағдар болдық.

– Ғазиз Нұрланұлы, ең әуелі тұрғын үй қатынастары бөлімінің жалпы жұмысымен таныстырып өтсеңіз. Әуелде Тұрғын үй инспекциясы деп аталған мекеме атауының бұлай өзгеруіне не себеп?
– Өздеріңіз білетіндей, тұрғын үй қызметінің күрмеуі көп, түйткілі де аз емес. Мекеме атауына өзгеріс енуінің де өзіндік себебі бар. Биылғы жылдың ақпанынан бастап тұрғын үй қатынастары бөліміне «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және оларды кезекке қою» мемлекеттік қызметін жүзеге асыру құқығы берілді. Қазіргі таңда қалада мемлекеттік қордан пәтер алу кезегі тізімінде 18349 адам тіркелген. Олардың 1944-і кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 5836-сы мемлекеттік қызметшілер, 8850-і әлеуметтік жағынан қорғалған азаматтар қатарына жатса, көпбалалы отбасылардың саны 1719-ды құрап отыр. Биыл мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінің тізіміне тіркелген азаматтарға 140 пәтер берілді. Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің негізгі міндеті – тұрғын үй қорын басқару саласын мемлекет тарапынан бақылау, қадағалау. Қазіргі таңда шаһардың тұрғын үй қорында 1298 көппәтерлі тұрғын үй бар. Кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында 981 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Бұл қаладағы үйлердің 85,5 пайызын құрайды.
– Тұрғын үй қызметін жандандыру бағытында құрылған пәтер иелерінің кооперативтері өз қызметтерін қалай атқарып жатыр? Тараз қаласында ПИК-ке қатысты қандай мәселелер бар?
– Қазіргі таңда бүкіл қалаға тек 31 ПИК және 374 үйді біріктіретін екі сервистік ұйым бар, яғни шамамен төрттен бір бөлігі. Қалған көппәтерлі үйлер – иесіз. Сонымен қатар заң бойынша тұрғындар ортақ үй мүлігінің жай-күйіне, оны тиісті жағдайда ұстау үшін ортақ тәртіппен жауап береді. Соңғы жылдары жаңа көппәтерлі үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Ол үйлердің тұрғындарымен біз арнайы кездесулер өткізіп, бөлімнің талаптарын жеткіземіз. Қолайлы басқару нысанын таңдауды ұсынамыз. Егер тұрғындар қандай да бір шешімге келмесе, заңға сәйкес үйге басқару органын тағайындаймыз. Мысалы, 13-ші мөлтек ауданда біз 40-тан астам жиын өткіздік. Алайда тұрғындардың 30-40 пайызы ғана қатысты. Қызығы, өз үйлерінің жай-күйі тек зейнеткерлерге ғана маңызды секілді. Барлығы таза, ыңғайлы, жайлы жерде өмір сүргісі келеді. Бірақ төлем жасауға келгенде сараңдық танытады. Қазіргі таңда заң бойынша тұрғындардың наразылығына қарамастан, жаңадан салынған үйлерге басқару органы міндетті түрде тағайындалады. Аталған 13-ші шағын аудандағы №36, 37, 39 үйлерге басқару органдарын белгіледік. Барлық үйлері ПИК құрамына кіретін жалғыз шағын аудан бар. Ол – «Қарасу» мөлтек ауданы. Ең ірі кооператив – «Қайрат». Оған бесінші және екінші шағын аудандардан барлығы 33 үй кіреді. Тұрғындар мына нәрсені дұрыс түсінсе екен. ПИК қызметіне әр үйдің иесі пәтер алаңының бір шаршы метрі үшін 15 теңге төлейді. Бұдан түскен қаражат ПИК төрағасына, техникалық қызметкерлерге жалақы ретінде төленеді. Ескеретін жайт, кей үйлерде зейнеткерлер есебінен төлем көлемі 40 пайыздан аспайды. Ал үйдің жөндеу жұмыстарына, қыста суық болмауына, шатырдан су ақпауына ең бірінші кезекте жас отбасылар емес, осы қарттарымыз алаңдайды. Қарапайым ғана мысал, 1-ші мөлтек аудандағы 28 үйдің тек жетеуі ғана ПИК құрамына енген. Орталыққа жақын орналасқан шағын ауданның қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Иесіз үйлерде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, шатырларынан күн суып, қар жауғанда су тамшылайды. Тұрғындар жөндеу жұмыстарын жүргізуге құлықсыз. Нақтырақ айтқанда, төлем жасауға ниетті емес. Біз үшін ең қиын кезең – жылу маусымының басталар уақыты. Көктем мезгілінен бастап қаладағы барлық мөлтек аудандарда «Таразтрансэнерго», «Жамбыл-Жылу» мекемелерімен бірлесіп үйаралық желілерді жылу мен ыстық су беруге дайындау қажеттілігін түсіндіру үшін 75 жиын өткіздік. Бұл жиындарға келетін сол баяғы зейнеткерлер. Ал өзге тұрғындар қысқа әзірлік жүргізбей, күн суыған бетте құбырлары жарылып, үйлерін су алғанда, сала мамандарын сөге жөнеледі.
– Ал ПИК құрамына енген үйлердің иелері осындай жағдайлардың алдын алудан қашып, төлем жасаудан жалтарған жағдайда қандай әрекет жасайсыздар?
– Мұндай жағдайлар үшін қазір заң шеңберінде қарызды өндіріп алуға мүмкіндік беретін жоба жасалды. Мысалы, қазіргі таңда көпқабатты үй тұрғындарының қалалық ПИК алдындағы жалпы қарызы 256 миллион теңгені құрайды. Бұл – тұрғындардың 2001 жылдан бері жиналып қалған борышы. 2018 жылы «Қайрат» кооперативі төлем жасаудан жалтарған тұрғындардың үстінен сотқа 300 арыз түсірді. Нәтижесінде барлық арыз бойынша жеңіске жетіп, тұрғындардан он екі миллион теңге өндіріп алды. Бұл қаражат аумақты абаттандыруға жұмсалды. Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылдың мамыр айында 9-шы мөлтек аудандағы №62 үйде табиғи газдың кесірінен түгел үй жарылып, төтенше жағдай орын алған болатын. Осы жағдайдан кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының өкілдерімен бірге біз Тараз қаласының тұрғындарымен ондаған жиын өткіздік. Онда мамандар көгілдір отынды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Орын алған оқиғадан кейін өздері тұратын аумақтағы кіреберіске, өз меншігіне өздері жауапты екенін түсінген пәтер иелері төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 104-ке қоңырау шалуды жиілетті.
– Көппәтерлі үйлерде жөндеу жұмыстарын жүргізу тәртібі мен жиілігі қандай?
– Жөндеу жұмысына келер болсақ, бізде жылда күзгі-көктемгі кезеңде тұрғындардың үлкен жиыны өтеді. Сонда жыл бойына атқарылған жұмыстар жөнінде тұрғындар алдында есеп береміз, жөндеу мәселесі жөнінде айтамыз, қордаланған мәселені шешу үшін тұрғындардың келісімін аламыз. Өкінішке орай, мұндай жиындарға тұрғындар мүлдем қызығушылық танытпайды. Бір ай бұрын хабарлағанның өзінде жиналысқа 90 пәтерлік үйден тек 15-20 адам ғана қатысады. Қалғандары өздері тұрып жатқан үйдің жағдайынан мүлдем хабарсыз болып жүре береді. Негізі, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісін ақтау, сырлау секілді ағымдағы жөндеу жұмысы бес жылда бір рет кесте бойынша жүргізіледі. Ал есік, шатыр және құбырлар әрқайсысына бекітілген нормативке сәйкес ауыстырылады. Мысалы, норматив бойынша су құбырларын 15 жыл, жылу құбырларын 20 жыл, шатырларды 30 жыл бойы пайдалануға болатын болса, сыртқы есікті 15 жылда бір рет ауыстырып тұру керек.
– Ал Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Бұл бағдарлама Таразда 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде 4,046 миллиард теңгеге 228 көпқабатты тұрғын үй жөнделді, оның ішінде 2011 жылы – 326,25 миллион теңгеге 33 үй, 2012 жылы – 572,5 миллион теңгеге 46 үй, 2014 жылы – 544 миллион теңгеге 23 үй, 2015 жылы – 715,3 миллион теңгеге 30 үй. 2013 жылдан бастап тұрғындар жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражатты қайтара бастады. 2013-2017 жылдары қайтару сомасы 784 миллион теңгені құрап, 58 үй жөнделді. Оның ішінде 2013 жылы – 4 үй, 2014 жылы – 3 үй, 2015 жылы – 12, 2016 жылы – 20, 2017 жылы – 19 үй. Өткен жылы 31 көпқабатты тұрғын үй жөнделді. Жергілікті бюджет есебінен 320 миллион теңге және қайтарылып алынған қаражаттың 736,83 миллионына 16 үй толық жөнелді. Жоспар бойынша ағымдағы жылы 595,72 миллион теңге сомасына 15 үй жөнделуі тиіс, оның ішінде 410 миллионы қалалық бюджеттен, ал 185,72 миллион теңге қайтарымды қаржы есебінен. Қазір Төле би көшесіндегі №13, 15, 17, 19 үйлерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бұрынғы «Шахристан» базарына қарама-қарсы үйлер. Бұл ескі екі қабатты ғимараттар 1953-57 жылдары салынған және содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бұрынғы базардың орнына Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Шахристан» этномәдени орталығы салынуына байланысты ғимараттарға қарама-қарсы үйлерге ерекше шығыс стилінде болуы тиіс. Жаңғырту барысында шатыр, қасбет, инженерлік желілер ретке келтіріліп, осының барлығы ескі үйлерге тамаша көрініс береді. Жөндеу жұмысына жұмсалған қаражатты қайтару 15 жыл ішінде пайызсыз жүйе бойынша жүзеге асырылады. Шығынның жалпы сомасы – 80 миллион теңге, төлем сомасы тұрғын үй немесе бизнес нысанына байланысты. Мысалы, аумағы 49,4 шаршы метр шаштараздың жалпы өтеу сомасы 1,597 миллион теңге, ай сайынғы төлем – 8873 теңге. Ауданы 82,2 шаршы метр пәтердің ай сайынғы төлемі – 7,7 мың теңге. «Жамбыл-Тараз» газеті. Сұқбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close