Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Жаңара бер, Жамбылым!

Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тағылымға тұнып тұрған қатпары, жауһар Жамбыл – алты алаштың мақтаны» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырды.

Бұл күні «Жастар» саябағының сахна маңы мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарымен, сырлы суреттерімен толықтырылды. Талантты жастардың орындауындағы «Ерке сылқым», «Көне Тараз» күйлерінен кейін салтанатты кештің шымылдығы ашылды. Артынша «Кәусар» вокалдық ансамблі әуелете ән шырқады. Осыдан кейін-ақ саябаққа серуенге шыққан халықтың назары сахна төріне бұрылды.

–Ағымдағы жылдың үлкен мерекесі ретінде облысымыздың 80 жылдық мерейтойы келе жатқанын баршамыз білеміз. Соған сәйкес, мереке қарсаңында ұйымдастырылатын бірқатар іс-шаралар тізімін жасап қойдық. Бүгінгі мереке соның бастамасы ғана. Біз атаулы мерекені тек тойлайтын күн деп қана емес, өткен жылдарды сараптап, болашақты бағдарлайтын тарихи сәтке балауымыз керек. Жыл санап облысымыздың экономикасы тұрақты дамып келеді. Оған сіздердің қосқан еселі еңбектеріңіздің орны бөлек, – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін «Туған жер» бағдарламасы аясында өңірімізде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып жатқаны баршаға белгілі. Осының негізінде Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған танымдық эстафеталық жобаны қабылдаған ұстаздар қауымы өздерінің «Тағылымға тұнып тұрған қатпары, жауһар Жамбыл – алты алаштың мақтаны» эстафетасын облысымыздың 10 ауданына жолдады. Сондай-ақ қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева аудан өкілдерін сахнаға шақырып, арнайы сыйлықтарын тапсырды.

Биылғы жыл педагогтар үшін табысқа толы болыпты. Республикалық «Үздік педагог», «Математикалық регата», «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік мұғалім» байқауларында ұстаздар жеке-дара топ жарса, «Орта білім үздік ұйымы» жарысында жүлдегер атанған А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназия ұжымы 21 млн 677 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталған. Білікті ұстаздардың шәкірттері дәстүрге айналған байқауларда қапы қалмайтыны белгілі. Олар республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардан 5 алтын, 13 күміс, 17 қола медальмен оралыпты.

– Тасын түртсең тарихы көрінетін өлкеде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру – біздің парызымыз. Біз жас ұрпақты ізгілікке шақырып, табиғатты аялауға, киелі мекеннің қадірін білуге баулуымыз керек, – дейді облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали. Сонымен қатар ол Елбасының пәрменімен құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жариялаған «Таза Қазақстан, біз біргеміз!» эко-челленджіне бірге атсалысуға шақырды. Бұл кезде сахна төріне сенбілікке шығатын балалар да жиылып үлгерген еді. Осы мезетте табиғатты аялап, таза ұстауға үлестерін қосып жүрген балғындардың жұмыстары мен жоспарлары нақтыланды. Жуырда білім бөлімінің басшылығымен 1-сынып оқушыларына арналған «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында 8 000 ағаш отырғызылыпты. Алдағы уақытта республика көлемінде «Экосағат» тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, қаланың 60 мектебінде 1 200 ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған алғашқы шара алдағы уақытта өз жалғасын табады.

Сәндібек ПІРЕНОВ,
ТарМУ
-дың студенті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close