Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Баланың болашағына мемлекет емес, ата-ана жауапты

Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақы, төмен пайызбен баспана алуға мүмкіндік, т.б. бар. Осындай игіліктің шапағатын көріп отырған отбасылар аз емес. Солардың қатарында тараздық Ардақ Жантаева да бар.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да аға оқытушы болып жұмыс істейтін Ардақ Мықтыбекқызының шаңырағы биыл «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынап, жеңімпаз атанған. Бүгінде 6 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған «Алтын алқа» иегерінің жұбайы Ғалымжан Қалымбетов жекеменшік фирмада қызмет етіп, балаларының болашағы үшін тер төгуде. Ардақ Мықтыбекқызының айтуынша, ел ырысын арттырып отырған көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің көлемі ауқымды. Атап айтқанда, мектепте оқитын балалары тегін тамақ ішеді, түрлі лагерьлерге жолдаманы жеңілдікпен алады.

– Мемлекеттен әр балаға ай сайын 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек аламын. Талап бойынша жұмыспен қамту орталығы жанұямыздың жан басына шаққандағы кіріс көлемін есептеп, осындай қолдауға лайық деп тапты. Табыс көзінің төмен болуына байланысты ұсынылған бұл көмек біздің тұрмыстық жағдайымызға оң әсерін тигізіп отыр. Балаларым мектепте ыстық тамақты тегін ішеді. Үйірмелерге де тегін бару қарастырылған. Мектепте жаңа оқу жылы басталған тұста тегін киіммен қамтамасыз ету жайы да жолға қойылыпты. Оқу жабдықтарын да тегін алдық, – дейді «Алтын алқа» иегері.

26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың банк алдындағы берешегіне қатысты Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетілгені белгілі болған еді. Міне, осындай жеңілдікке ие болғандардың қатарында Ардақ Жантаева да бар.

– «Қалауын тапса қар жанатынын» жанұямызбен жадымызға түйіп өстік. Әсілінде, әрекет еткен адамға ырыс-несібе өзі келеді. Баспаналы болуды арман еткен отбасылар үшін төмен пайызбен несиелер беріліп жатыр. Ал кәсіп жасап, нәсіп табамын дегендер үшін арнайы оқыту курстарын, «Даму» қоры мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы түрлі гранттарды ұсынып келеді. Зерделеп қарасақ, айналамызда еңсемізді тіктеп, әлеуметтік тұрмыс жағдайымызды түзеу үшін мүмкіндіктер жетіп артылады. Болашақта балаларымның жоғары білім алуына да көп алаңдамаймын. Баршамыз биыл көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 5000 оқу гранты бөлінгеніне куә болып, ризашылық білдірдік. Еліміздегі әр шаңырақтың иесі өз баласының келешегіне ең бірінші кезекте мемлекет емес, ата-ананың өзі жауапты екенін түсініп, қабылдап, әрекет етуі тиіс, – дейді Ардақ Жантаева.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close