Басты бетҚоғамӘлеумет

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жастармен кездесті

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жастармен кездесті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде өткен кездесуге аталмыш оқу орнының білімгерлері қатысты.

Өз сөзін «2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланғаны белгілі», – деп бастаған Қайрат Досаев бүгінде біздің елімізде жастарды қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етіп, кітап оқудың артықшылығына тоқталды. «Денсаулығы мықты азамат болу үшін міндетті түрде спортпен шұғылдану керек. Бүгінде өз ісімді ашып, интеллектуалды, ғылыми, мәдени потенциалымды дамытамын деген адамға көптеген мүмкіндіктер бар», – деді өз сөзінде. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін ашылып жатқан спорт, мәдениет нысандары мен аула клубтары, коворкинг орталықтарының жұмысы туралы да айтып өтті.

Кездесу барысында білімгерлер де өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан жастарды қолдауға бағытталған әртүрлі жобалар хақында, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу туралы, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты, т.б. сұрақтар қойылды.

Қайрат Әскербекұлы жастардың пікірін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталып өткен шаһар басшысы жастардың қандай да бір ұсынысы болса тыңдауға дайын екенін жеткізді. Осылайша, еркін форматта өткен кездесуде біраз әңгіменің тиегі ағытылды деуге де болады. Ал жиын соңында жастар алған әсерімен бөлісіп, өздеріне бөлінген көңіл үшін қала әкіміне алғысын білдірді. Екі сағатқа созылған кездесуден кейін колледждің кабинеттерін аралап, экскурсия жасаған қатысушылар қала әкімімен естелік суретке түсті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close