Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғам

Таразда мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спартакиада өтті

Тараздағы Орталық стадионда Тараз қаласы әкімдігінің және Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спартакиада өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне» арналған Тараз қаласы тұрғындарының арасындағы спорттық жарыста қатысушылар дойбы, дартс, қол күресі мен жеңіл атлетика бойынша күш сынасып, өздерінің ой-өрістерінің, спортқа деген икемділігінің өзгелерден кем емес екенін көрсетті. 200-ден астам адам қатысқан спартакиадалық жарыс тартысты өтті. Оған қатысқан азаматтардың бәрі өздерінің күш-қуаттары мен ептілігін, шеберлігін, біліктілігін байқатты. Нәтижесінде, мықтылары топ жарып шықты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Тараз қаласы әкімдігінің естелік сыйлықтырымен, медальдарымен, дипломдарымен және спартакиаданың қатысушылары арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Осылайша, өткізіліп отырған спартакиада, шын мәнінде, жиылғандардың да, оған қатысқан мүмкіндігі шектеулі жандардың да көңілінен шықты.

Жалпы, мұндай спорттық жарыстардың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, салауатты өмір салтын ұстануға айырықша назар аудару және жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тарту, бұқаралық спорт түрлерін дамыту.

Біздің елімізде, негізінен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген қамқорлық ерекше. Мемлекет басшысының өзі бұл бағытта нақты тапсырмалар беріп, олар өздерін қоғамның толыққанды азаматы ретінде сезінуіне жағдай жасауды тапсырған болатын. Осы мақсатта қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Оның ішінде Тараз қаласында да көптеген жұмыстар атқарылып, игі шаруалар қолға алынуда. Бұл спартакиада соның бір дәлелі деуге де болады. Ал қатысушылардың спорттық іс-шараның ұйымдастырылуына, ұйытқы болған қамқор азаматтарға ризашылығын білдіруі спартакиаданың жақсы өткенін білдірсе керек.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close