Басты бетҚоғамӘлеумет

Ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы

 Ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының жетекші күшіне айналуы керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және өнім экспортын екі жарым есе арттыру межесі. Президент Жолдауында аталған саланы дамытудың осындай басымдықтарына ерекше тоқталды.

Иә, шынында ауыл шаруашылығы – бұл еліміздің экономикасын биікке асқақтататын маңызды саланың бірі болып табылады.
Ауыл шаруашылығы дегенде еріксіз ойымызға кең-байтақ жеріміз, төрт түлік малымыз, егінді алқаптарымыз оралады. Осы табиғаттың берген сыйын жоғалтпау үшін үкіметіміз ауыл шаруашылығының жағдайын жақсартатын түрлі әдістерді пайдалануда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, оларға жеңілдетілген пайызбен несиелер берілуде. Түрлі бағытта, мәселен, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын сақа» тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалармен несиелер берілуде.
Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы Ермекбай Райымқұловтың жетекшілігіндегі «Амангелді» шаруа қожалығы алғаш құрылған шаруа қожалықтардың бірі. Алғаш 24 отбасы бірігіп құрған шаруа қожалықтың 350 гектар жері болған. Шаруа қожалығы мүшелігінде бүгінгі таңда онға жуық отбасы ғана қалып отыр. Қалғандары өздеріне тиесілі жерлерін бөліп алып, бөлініп шықты. Қазіргі таңда 150 гектар жерге арпа, бидай, жоңышқа егеді.
Шаруа қожалық жетекшісі Ермекбай Тұрғынұлы 1957 жылы Т.Дүйсебай ауылында туған. С.Киров атындағы орта мектепті бітіріп, Ванновка гидромелиоративтік техникумында механик мамандығы бойынша оқыды.
Еңбек жолын совхозда жүргізуші болып бастаған. Кейін гаражда механик болып жалғастырды. Ел тәуелсіздігін алып, жекешелендіру басталғанда 1995 жылы «Көксала» ЖШС-де механик болып еңбек етті. 2001 жылы ауылдағы ағайынмен ақылдаса келіп «Амангелді» шаруа қожалығын құрған болатын.
Бүгінде шаруа қожалық иелегінде екі МТЗ-80 тракторы мен бір комбайн, бір дән сепкіш пен бір соқасы бар. Науқан кезінде төрт жұмысшы жұмыс істейді. Оның бірі Ермекбай ағаның ұлы Жарас болса, екіншісі ауылдың азаматы Абай Таңатаров.
-Техникамыз ескі. Оны жаңартуға мүмкіндік жоқ. Қазір ауыл шаруашылығы саласын, шаруалардың жағдайын көтеру мақсатында ірілендіру жүріп жатыр. Ауыл-ауылдан ауыл шаруашылығы өндірістік коперативтері құрылуда. Біздің ауылдан да алдағы уақытта ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Себебі, біріккен соң Үкіметтен берілетін жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндіктер көп болады. Бір жағы көптеген ұсақ шаруа қожалықтары жерін игеруге мүмкіндіктері болмай отыр. Бірігіп, жеңілдетілген несие алып, техниканы жаңартып, бел шеше еңбек етсек, көп мәселені шешетін боламыз,- дейді Ермекбай Тұрғынұлы.
Ермекбай аға жолдасы Мейрамкүл Ыстанбекова екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр. Олардың үшеуі де анасының жолын қуып, мұғалім мамандығын алған. Алайда ортаншы – қолындағы ұлы Жарас әкесінің жанында шаруа қожалығының шаруасымен айналысады. Жасұланы мен Хамзаты да жазғы демалыста келіп көмектесіп тұрады. Қолындағы келіні Лаура мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді.
-Өзіміз одан бөлек мал шаруашылығымен айналысамыз. Жылқы, қой, сиырымыз бар. Жалпы, бүгінде ауылшаруашылығы саласында маман тапшы.
Мәселен, дәнекерлеуші, механизаторлар керек.
Ауылда жастардың қалуы үшін оларға жағдай жасалса. Ауылда қазір клуб, кітапхана, балабақша, мектеп, мешіт, газ да бар. Жаңа медпункт те салынуда. Тек жастарды ұйымдастырып, қызықтырып, олармен айналысатын ауылға жанашыр мамандар керек. Олардың бос уақытын көңілді өткізетіндей, тағылымды да қызықты, ауылға деген қызығушылықты арттыратын шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді,- дейді Ермекбай аға.
P.S.Иә, Ермекбай Тұрғынұлының айтып отырған пікірі өте орынды. Біз ол кісіге толық қосыламыз. Бұл мәселе туралы естеріңізде болса біз де газет бетінде мәселе көтерген болатынбыз.
Тәттібай Дүйсебайұлы ауылы еңбекқор, ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарымыздың бірі. Бал татыған, дертке дауа қымызымен де танымал. Алайда халық үшін, жастар үшін еңбек ететін мекемелердің жауапты мамандарына ел тағдырына деген жанашырлық, жауапкершілік жетіспейді.
Мерейлі мекенімізді өркендетуге көп нәрсе керек емес, тек қана патриоттық сезім мен ар-ұят керек.

Перизат Шымыртайқызы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close