Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіп

Кәсіпкерлік дамымай, мемлекет өркендемейді

Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласы аса маңызға ие екені бәрімізге белгілі. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады» деп атап көрсетілген. Осыдан-ақ, кәсіпкерлік саласының қандай мәнге ие екенін бағамдауға болатындай.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы орган басшыларының жұмыс алгоритміне сәйкес, жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудан орталығындағы шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, салада туындап отырған бірқатар мәселелерге назар аударды. Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен кездесуге кәсіпкерлермен қатар аудандық әкімдікке қарасты тиісті бөлім басшылары шақырылды.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жұмыс алгоритмінің маңыздылығына тоқталды. Одан соң аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаев кәсіпкерлік саласы бойынша 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
-Бүгінгі таңда аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4252-ні құрап отыр. Оның ішінде екі орта, 133 шағын кәсіпорын, 1745 жеке кәсіпкер және 2372 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің ішінде жұмыс істеп тұрғандарының саны былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 109,5 пайызды құрап отыр.
Облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы 2019 жылға арналған келісімдер мен белгіленген индикаторлардың орындалуы мақсатында аудандағы кәсіпкерлер барынша өнімді жұмыс жасауда.
Мысалы, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6407,5 мың теңгені құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 103,9 пайызды құрады. Облыс бойынша екінші орында келеміз. Ал тоғыз айдың қорытындысы бойынша 6971,0 мың теңгені құрайды деп болжамданып отыр.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы төрт индикатор және облыс басқармалары мен аудан әкімі арасындағы 15 индикатор, жалпы 19 индикаторлық көрсеткішпен жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысымен 16 индикаторлық көрсеткіш орындалды. Ал, қалған үш индикаторлық көрсеткіш орындалмайды деп болжамдануда. Атап айтқанда, «Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі» жоспар 9050,8 млн. теңге болса, орындалуы 4015,4 млн. теңгені құрап отыр немесе былтырғы жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда 35,9 пайыз. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі сыртқы инвестициялар үлесі жоспар 1659,5 млн. теңге болса, орындалуы 0 теңге. Аталған екі индикаторлық көрсеткіштің орындалмау себебі былтырғы жылдың есепті мерзімінде «Бурное Солар-2» жобасы бойынша 8,1 млрд. теңге инвестиция салынған болатын. Оның ішіндегі сыртқы инвестицияның көлемі 1,5 млрд. теңгені құраған. Ал, биылғы жылға аудан көлемінде мұндай ірі жобалар жоқ. Дегенмен, басқа да инвестициялық жобалармен жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Орындалмай отырған үшінші индикатор көрсеткіші тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу – жоспар үш, нақты орындалғаны екі. Мұның себебі, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлаған «Битум» зауытын қайта жаңғырту» жобасы бірнеше объективті және субъективті себептермен іске қосылмай қалды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру жұмыстарына тоқталсам, ауданда бүгінгі күнге бес шағын микрокредиттік ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне несие тарату қызметімен айналысады, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында осы ұйымдар барлығы 3473 адамға 2 004 092 млн. теңге несие таратты. «KazMicroFinance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аудандық бөлімшесімен 2402 адамға бір млрд. 384 млн. 410 мың теңге несие берілді. «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС-нен 35 адам 214 млн. 327 мың теңгенің несиесін рәсімдеген. «Азия несие қоры» ЖШС 718 адамға 238 млн. 340 мың теңге, «Арнұр-Кредит» ЖШС микрокредиттік ұйымымен 318 адамға 167 млн. 015 мың теңге берсе, «Жуалы-Рантье» шағын кредиттік ұйымы қаңтар-қыркүйек айларында ешқандай несие таратқан жоқ.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 14 ауылдық округте наурыз, сәуір, мамыр айларында үш рет тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып бағдарламаның ережесі, мақсаттары бойынша кәсіпкерлерге, шаруа қожалық басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде пайыздық ставкасы субсидияланатын несие алу, кепілдік беру және инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауданның ауылдық округтерінен келіп түскен ұсыныстар (жобалар) сараланып, нақты 13 жобамен жұмыстар жүргізіліп отыр.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кепілдік беру бағыты бойынша бес жоба өтіп, кепілдік сомасы 15,6 млн. теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар 29 жасқа дейінгі жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстық комиссияға ауданнан 30 жоба ұсынылып, соның ішінде 15 жас кәсіпкер мемлекеттік грантты жеңіп алды. Оның жалпы сомасы 32 500 млн. теңгені құрап, 36 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Ауданда өнеркәсіп өндірісін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Қазгидрооперейтинг» ЖШС «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт. құрайтын кіші су электр станцияларының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күні «Қазгидрооперейтинг» ЖШС ГЭС-тің төрт бірдей каскадын тұрғызу үшін іргетасын бекіту және бетондау жұмыстары толықтай жүргізілді. Электр станциясының құрылғылары толықтай жеткізіліп, құрастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бірінші каскадты іске қосу ағымдағы жылдың төртінші тоқсанына, ал қалған үш каскадты толықтай іске қосу 2020 жылға жоспарланып отыр.
«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасын түсіндіре отырып, жалпы 4439 кәсіпкерлік субъектісінің ішінен ОКЭД-ке сәйкес келетін 1857 кәсіпкерлік субьектілерімен нақты жұмыстар жүргізілуде. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында Ақтөбе ауылдық округі пилоттық жоба ретінде белгіленіп, өз жұмысын бастады. Аталған елдімекенге халықтың тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында мемлекеттен 780,0 млн.теңге қаражат бөлініп, төмен пайызбен несиелендіру көзделіп отыр, – деді Шыңғыс Боранбаев.
Келесі кезекте Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов орталық базар маңындағы абаттандыру, ондағы сауда-саттық жасап отырған кәсіпкерлердің жұмысы, коммуналдық базар ашу мәселесі, базар маңында дұрыс қалыптаспай отырған жолаушылар тасымалы, жол белгілері мен қоқыс жәшіктерін орнату, такси тұрағын жасау жөніндегі мәселелерді сөз етті. Аталған мәселелерге байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Жиын барысында шаруа қожалығының басшысы Төлеген Нұралиев, т.б. кәсіпкерлер жол қозғалысындағы, жолаушылар тасымалындағы, сонымен қатар жер алудағы келеңсіздіктерді мәселе етіп көтерді. Осы және өзге де сұрақтарға аудан әкімі Нарбай Ергебеков талдай отырып жауап берді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close