Басты бетЖаңалықтарӘдебиет

Қазақ әдебиетінің қарлығашы

Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына – 125 жыл

Жуырда Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте Сәкен сынды сұңқар ақынның баға жетпес мұрасын жас ұрпаққа ұлықтап, таныту мақсатында «Қазақ әдебиетінің қарлығашы» атты әдеби-тарихи кеш өтті. Кешке ауылдық округ әкімі Ержан Серкебаев, аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскерлері, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.

Шараны мектеп директоры Жорабек Қадырбеков ашып, ауқымды баяндама жасады. Баяндамашы ақынның «тар жол тайғақ кешу» жолына қысқаша тоқталып, әр жылдары жазылған көркем туындыларын саралады:
– «Қазақстанның қоғамдық тарихында абыройлы орын алатын, революционер-коммунист, қазақтың белгілі жазушысы, ақын, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол қазақ тарихындағы басынан дауы арылмаған, қарама-қайшылығы көп тұлға. «Шаш ал десе, бас алған заманда» Сәкендей билікке араласып, ұлтымыздың келешегіне алаңдап, қазақтың мәселелерін көтеру – өліммен пара-пар іс еді. Қызыл үкімет құрамында жүріп-ақ, елге, ұлтына, жеріне адал қызмет еткен оның шығармашылығы – туған халқымен бірге мәңгі жасай беретіні сөзсіз, – деді Жорабек Мамырұлы.
Сонымен қатар баяндамашы өз сөзінде мектеп ақынның атымен 1990 жылдан бері аталып келетінін айта келе, білім ошағында жаңашылдыққа бетбұрып, білім сапасының көрсеткіштері жылдан-жылға артып келе жатқандығын жеткізді.
Осынау тәрбиелік тұрғыдан мәнді де құнды шарада мектеп кітапханашысы Анар Айтенова сөз алды. Ол «Дала дауылпазы Сәкен» атты кітап көрмесін назарға ала отырып, ақынды қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген, ұлт мүддесін тереңінен ойлаған, ұлт, тіл тағдырына ерекше алаңдаған жан деп атап өтті. Сондай-ақ, Сәкеннің поэзиялық туындылары, шығармалары, драмалары – өз заманының рухын танытатын шығармалар екеніне тоқталған Анар Айтенова: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Сәкен Сейфуллин – халық жадында мәңгі сақталар жан, асылдардың асылы, аяулылардың аяулысы. Сәкен – біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ер, қайтпас қайсар күрескер». Ол халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының сый-құрметіне лайық біртуар тұлға» деді.
Әдеби-тарихи кеште мектеп оқушылары ақын лирикасының өзіндік сыр-сипаты алуан түрлі екенін, туған жерге деген сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары тағы да басқа тақырыптағы шығармаларына тереңінен үңіліп, оның жан-жақты қырын аша түсті. Алғаш болып ортаға Маржан Қари шығып, Сәкеннің сыр сандығын ашып, «Сыр сандық» өлеңінен үзіндіні мәнерлеп оқыса, Дильназ Оңғарбай «Көкшетау» поэмасынан үзіндіні көпшілікке паш етті. Ал, Меруерт Қари мен Диас Темірбек «Ананың хаты», «Анаға жауап» өлеңдерінен үзіндіден, мектеп түлектері Сейіткерім Оңғарбай, Рамазан Тұрмағанбет, Мадияр Әбілдәбеков «Тергеген болсаң айтайын» атты және 8 «Ә» сынып оқушылары «Аққудың айырылуы» поэмасынан театрландырылған көрініс қойды. Сондай-ақ кеште Диас Жарас пен Кәусар Жарас «Қос бәйтерек» және Ахметжан Қуанышев Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» атты әсем әндерін орындады.
Кеш одан әрі қарай ата-дәстүрді, ұлттық өнерді насихаттап, оқушыларды халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны шертуге үйрету мақсатында білім беру ұйымдарында «Домбыра» үйірмесінің енгізілуіне орай, білім ошағына демеушілер мен мектеп түлектерін тарту мақсатында өтіп жатқан «Мен сыйға тартқан домбыра» атты акцияға ұласты.
Акцияда мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы Еркінкүл Сейдахметоваға сөз беріліп, ол өзінің еңбек жолына тоқтала келе, осы мектеп қабырғасында балалары білім алғанын, «Домбыра» үйірмесін мектепте алғаш жүргізген Аташбек Әмірқұл болғанын атап өтті. Сондай-ақ сол үйірмеге бірнеше қыздар қатысып, ардагер ұстаздан тәлім-тәрбие алып, өнермен сусындағанын мақтанышпен жеткізді. Өз сөзінде Еркінкүл Ниязалықызы ұлттық өнер ұлықталып, ата-дәстүріміз сақталып, ұлттық аспаптарымыз, оның ішінде әсіресе, қасиетті қара домбыраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бүгінгі аға буынның басты парызы екенін де баса айты. Ол осы акция аясында өзінің отбасы Әбдіқұловтар жанұясының атынан бір домбыраны музыка пәнінің мұғалімі Әлия Боранбаеваға сыйға тартып, бұл іс алдағы уақытта жалғасын тапса деген сенімін білдірді.
Кеш жүргізушілері «Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дей келе, кезекті мектеп ансамбліне берді. Жас өнерпаздар жандарына қос ішекті домбыраны серік етіп, қазақ халқының ұлттық музыкасындағы атақты күйшілердің бірнеше шығармаларын күмбірлете орындап, құлақтың құрышын қандырды. Атап өтерлік жайт, ардагер ұстаз бастаған үйірменің жалғастырушысы Әлия Оңалбекқызы балаларды барынша өнерге баулып жүргенін оқушылардың домбыраның құлағында еркін ойнағанынан аңғардай болдық. Лайым, алдағы уақытта да мектеп үйірмесі өз жұмысының жақсы нәтижесін көрсетіп, өнерлі шәкірттер тәрбиелей беретініне іштей сенім білдірдік.
Шарада ауылдық округ әкімі Ержан Серкебаев әдеби-тарихи кештің маңыздылығына тоқталып, акцияға әкімшілік тарапынан үлестерін қосатынын жеткізсе, ардагер ұстаз Аташбек Әмірқұл мектептің тарихына, мұнда білім алған тұлғаларды айта келе, өнер ешқашан сөнбейтінін, ол адам бойында мәңгі жүретін қасиет екенін айтты. Ал, білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ерназар Жүзбаев осы мектептің түлегі екенін, осындай білім ошағында білім алғанын мақтан тұтатынын айтып, акцияның мақсатына тоқталып, кешті қорытындылады.

Айгүл Қалымханқызы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close