Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Талас ауданында 1735 адам тұрғын үй кезегінде тұр

Бүгінде баспана басты мәселе болып отырғаны жасырын емес. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, әсіресе тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар үшін бұл күрмеуі күрделі мәселе екені айтпаса да түсінікті. Дей тұрғанмен, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Азаматтардың игілігін көздеген мұндай құжаттардың бірі – «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы. Ал бұл бағдарлама, жалпы тұрғындарды баспанамен қамту шаралары Талас ауданында қалай жүзеге асуда? Ендеше, осыған тоқталып өтсек.

1 қазанда алынған мәлімет бойынша Талас ауданында 1735 адам тұрғын үй кезегінде тұр екен. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясындаҚаратау қаласында жалпы ауданы 27 752 шаршы метрді құрайтын 440 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, кезекте тұрған азаматтарға кезек ретімен берілуде. Олар 3 мөлтек ауданындағы №49,51 және 5 мөлтек ауданындағы №51,52,55,58 үйлер. Оның ішінде 5 үй берілген, ал 1 үй берілуде.

Сонымен қатар, қаладағы бос тұрған  көпқабатты 3 тұрғын үй коммуналдық меншікке алынып, аудандық бюджеттен 14 миллион 910 мың теңге бөлініп, екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасына 629 миллион 198 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылып, бір үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Олар: 5 мөлтек аудандағы №26 үй-55 пәтерлі, 3 мөлтек аудандағы №22 үй-60 пәтерлі, 3 мөлтек ауданы №17 үй- 64 пәтерлі, барлығы 179 пәтер.

Бүгінгі күнге көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыларды уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қаратау қаласындағы 3 мөлтек ауданы №3 және №4 жатақханалары Талас аудандық сотының шешімімен ағымдағы жылдың сәуір айында коммуналдық меншікке алынып, қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама жасалып, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 180 миллион теңге бөлінді. Осылайша, Талас ауданында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close