Басты бетЖаңалықтарСпорт

Таласта аудан халқының 29,9 пайызы спортпен шұғылданады

Жамбыл облысы Талас ауданында өткен жылмен салыстырғанда спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесі артты. Осылайша, биыл бұл көрсеткіш 0,7 пайызға өсіп, ол аудан халқының 29,9 пайызын құрады, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Негізінен, Талас ауданында 213 спорт нысаны бар және 16 537 адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл, жоғарыда айтып өткеніміздей, аудан тұрғындарының 29,9 пайызы.

Жалпы, аудандағы дене шынықтыру және спорт бөлімінің жұмысына тоқталсақ, мұнда ауыз толтырып айтатын жаңалықтар жетерлік. Мәселен, биыл Қаратау қаласындағы бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің стадионын ағымды жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 6 миллион 496 мың теңге бөлініп, бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталған. Ақкөл ауылындағы спорт алаңшасын ағымды жөндеу жұмыстарына 4 миллион 230 мың теңге бөлініп, мұнда да жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, Бөлтірік шешен ауылындағы спорт алаңшасының ағымды жөндеу жұмыстарына 3 миллион 500 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық аймақтық «Жол картасы» әзірленіп, 6 спорт нысанының құрылысы белгіленді. Олардың құрылысы толығымен демеушілер есебінен қаржыландырылады. Майтөбе, Қызыләуіт, Есейхан ауылдарындағы спорт нысандарының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе, Тамды, Үшарал, Тамабек ауылдарында жұмыстар әлі де жүргізілуде.

Осылайша, «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, Талас ауданында спорт саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану бүгінгі таңда әр адамның басты ұстанымына айналуы үшін таластықтар талмай еңбек етуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да айтылып, онда Мемлекет басшысы «Дене шынықтыруды дамыту пирамидаға айналуы керек, оның шыңында жаңа чемпиондар пайда болады, ал оның негізінде бізде дені сау, белсенді жастар және сайып келгенде, күшті ұлт болады» деген болатын. Міне, осы мақсатты көздеген аудандық спорт бөлімі түрлі жарыстар мен турнирлер ұйымдастырып, спорттық нысандардың саны мен сапасын назарда ұстап отыр. Сол себепті де, бұл ауданнан шыққан белді спортшылардың қатары болашақта да толыға береріне сенім кәміл.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close