Басты бетЖаңалықтарСпорт

Бекберді Қашкеевке арналған спорт мерекесі өтті

2 қарашада Жуалы ауданы Қарабастау ауылының тұрғындары самбо күресінен спорт шебері, ұзақ жыл бойы ауыл жастары арасында спорттың көптеген түрін насихаттап, үйірмелер аша отырып, аудан, облыс, республика көлемінде чемпиондар дайындаған жерлесі Бекберді Еркебайұлы Қашкеевті еске алып, оның есімінің құрметіне дзюдо күресінен 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өткізді.

Қарабастау ауылындағы Қошмамбетов атындағы орта мектептің мерекеге сай безендірілген спорт залында Бекберді Қашкеевтің суреті мен оның 50-ге жуық шәкірттерінің суретінен жасалған баннермен, өмірбаянымен осында келген қонақтардың барлығы танысты.
Салтанатты жиынды «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің бишілер тобы «Қазақ» биімен ашты. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени демалыс және халық шығармашылығы орталығының қызметкері Ербол Бекжанов жиынды ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
Айта кету керек, бұл турнирдің өтуіне көп ықпал жасаған, бүгінде «Тараз- Арена» спорт кешенінде самбо күресінен жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүрген Архаттың әкесі, кезінде Бекберді Қашкеевтің шәкірттерінің бірі болған- Хайрулла Лұқманов. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов екеуі осы турнирге атсалысып, ұйымдастырды.
Еске алу турнирінің салтанатты жиынында Алматы қаласынан арнайы турнирге келіп, демеушілік жасап отырған Қарабастау ауылының тумасы, генерал Ғабит Миразовқа сөз кезегі берілді. Ол турнирге қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі және аудан әкіміне ауыл тұрғындарына қолдау білдіргеніне алғысын жеткізді.
Одан кейін еске алу жиынның қонақтары Тараздан келген Б.Қашкеевтің әпкесі Райхан Қашкеева, інісі Нұрлан Еркебаев, жұбайы Нәзипа Жолдасқызы тебірене сөйледі. Сондай- ақ, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов және кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаевқа сөз берілді. Олар жиналғандарды мерекелік шараменен құттықтап, сәттілік тіледі.
Одан кейін кезек марапаттарға берілді. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен генерал Ғабит Миразов 1999 жылы Қарабастау ауылында дүниеге келген, самбо, дзюдо, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, 2016 жылы- дзюдодан Әзия чемпионы (Тайланд, Багкок), 2017 жылы самбодан Азия чемпионы (Корея) және 2019 жылы самбо күресінен жастар арасында Әлем чемпионы (Өзбекстан, Ташкент) атағын жеңіп алған Архат Әнуарбекті марапаттады. Олар жас спортшыға жылы лебіздерін айтып, сәттілік тіледі.
Мерекелік шараның екінші бөлігі ауылдық Мәдениет үйінде өтті. Онда «Тараз- Арена» спорт кешенінің жаттықтырушысы Хайрулла Лұқмановтың ұйымдастыруымен дзюдо күресінен жарыс өтті. Сайысқа Тараз қаласынан, Жамбыл, Сарысу, Байзақ, Талас, Жуалы аудандарының спортшылары қатысты.
Жарыс дзюдоның жеті салмақ түрінен өтті.
Спортшы ерлерден кейін өткен «Әйелдер күресінде» бірінші орынды Билікөл дәрігерлік амбулаториясының қызметкері Элмира Юсупова жеңіп алса, екінші орынды Қ. Қошмамбетов атындағы орта мектептің мұғалімі Нұрсұлу Саудабаева, ал үшінші орынды Билікөл ауылдық округінің қызметкері Нұрсұлу Мұхамедьярова иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен Ғабит Миразовтың демеушілігімен ақшалай сый-сияпаттар жасалып, марапатталды.
Турнирге қатысушылар 2003-2004 жылы туған 46, 50, 55, 60, 66, 73 және 81 килограмм салмақ дәрежедегі 30-ға жуық спортшылар арасында қызықты әрі тартымды ойын болып өтті. Жарыстың төрешілерінің шешімімен жалпы қатысқан ұлдардың жеңісінің қорытындысы бойынша Тараздан келген спортшылары әртүрлі орындардан жеңімпаз атанып, 11 медальды иеленді, Жамбыл ауданы-2, Байзақ-2 медаль, Сарысу-1, Талас-1, Жуалы-3 және Қарабастау ауылының спортшылары 6 медальды жеңіп алды. Қарабастау ауылының намысын қорғағандар қатарында Дәурен Әуелбек, Асқар Нұр, Мейірхан Нұржау, Сәрсембай Бек, Дамир Манатұлы және Арман Әуелбек жоғары деңгейде ойын көрсетті. Жеңімпаздар медаль, диплом және Бекберді Қашкеевтың туысқандарының дайындаған бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Турнир соңында Б.Қашкеевтің рухына Құран бағышталып, құдайы тамақ таратылды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close