Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жуалыда қар көшкінінен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған турнир өтті

Жуырда әскери бөлімде 2017 жылы қар көшкінінен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті.

Ауқымды шараға Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Көпбаев, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы, полковник Абай Жолдасов, аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, әскери қызметшілер мен қаза болған жауынгерлердің ата-аналары, жұбайлары мен ұл-қыздары қатысты.
Шара қаза тапқан жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Жиында Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы, сонымен қатар қаза болған жауынгерлердің ата-аналары атынан Көмекбай Ерісбайұлы сөз сөйледі. Бұдан кейін алаңға турнирге қатысушы командалар шақырылды. Бірінші болып ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасы мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығы басқармасының командасы, екінші 03811 әскери бөлімінің командасы мен ҚР ІІМ Жуалы аудандық полиция бөлімінің командасы, үшінші 91678 әскери бөлімінің командасы мен арнайы мақсаттағы таулы егерлік ротасының командасы ойнады. ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасының құрамында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр департаментінің бастығы генерал-майор Қайрат Рашидұлы да әдемі ойын өрнегін көрсетті.
Ойын тартысты, қызықты әрі әділ өтті. Ойын барысында Бақытжан Ертаев ойын тамашалап отырған «Жас сарбаздар» ротасының жауынгерлеріне барып, әңгімелесіп, ағалық ақылын айтып, естелікке суретке түсті.
Әскери бөлімнің асханасында қаза тапқан жауынгерлердің рухын еске алуға арналған дастарқан жайылып, Құран оқылды.
Турнир қорытындысы бойынша «Үздік шабуылдаушы» аталымын ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасының ойыншысы Болат Оспанбеков, «Үздік қақпашы» аталымын Әнуар Жүнісов, «Үздік ойыншы» номинациясын таулы егерлік ротасының командасының ойыншысы Бауыржан Сұлтанбеков иеленді. Ал ойынның жүлделі орындарын, яғни бірінші орынды таулы егерлік ротасының командасы, ІІ орынды ҚР ҚМ кадр департаментінің командасы, ІІІ орынды 03811 әскери бөлімінің командасы жеңіп алды. Жеңімпаздарды турнирдің құрметті қонақтары марапаттады.
Естеріңізде болса, 2017 жылғы 17 ақпанда жауынгерлік оқу тапсырмаларын орындау кезінде арнайы мақсаттағы таулы егерлік ротасының жауынгерлері табиғаттың салдарынан қар көшкіні астында қалып, қаза тапқан болатын. Қаза болған жауынгерлер, Қазақстан Президентінің 2017 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close