Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғам

Жуалылық жастар салауатты өмір салтын насихаттауда

Бүгін Жуалы ауданы Шақпақ ауылдық округінде жастар ісі нұсқаушысы мен спорт ісі нұсқаушыларының ұйымдастыруымен жастар арасында спорттық жарыс өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Денешынықтыру пәнінің ұстаздары мен оқушылардың қатысуымен өткен спорттық дода жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатын көздеді. Бұл күні орталық көше бойында орналасқан «Street Workout» алаңшасына жиналған жастардың арасынан 10 қатысушы тіркеліп, олар көше жаттығуының үш түрінен өзара сынға түсті. Қатысушылар өздері көрсеткен нәтиже бойынша бағаланып, тартысты да қызықты өткен жарыс қорытындысы бойынша І-орынды Жарылқасын Ердәулет жеңіп алса, ІІ-орынды Амангелді Даниал иеленіп, ІІІ-орынға Әмірсейт Қасымхан жайғасты. Жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Негізінен, әр ауылға «Street Workout», яғни жастарға арналған көше ойындарының алаңшасын салу туралы ұсынысты айтқан да осы Шақпақ ауылдық округінің белсенді жастары болатын. Жастардың тілегін ескеріп, ұсынысын қабыл алған жергілікті билік көп күттірмей аталмыш алаңшаны өзге округтердің ішінде бірінші болып Шақпақата ауылынан ашып, бұдан кейін өзге округтерде де салына бастады. Жуырда осы округке қарасты Тәттібай Дүйсебайұлы (бұрынғы Амангелді) ауылында да салынды. Алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Міне, осылайша жастардың спортпен еркін шұғылдануы үшін қолға алынған бастама ауданда сәтті жалғасып келеді.

Жалпы, Жуалы ауданында ағымдағы жылы Кәріқорған, Нұрлыкент, Қарасаз, Қайрат, Көлбастау, Көлтоған және Қошқарата ауылдарында «Street Workout» алаңшалары пайдалануға берілген. Аудан әкімі мен спорт басқармасы арасындағы келісім бойынша 3-тоқсанда Қошқарата, Нұрлыкент, Жетітөбе ауылдық округтерінде аталған алаңшалар салынуы жоспарланған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close