Басты бетЖаңалықтарСпорт

Жайылмада жетістікке жеткен спортшылар жетерлік

Сарысудағы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ішінде Жайылма балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де бар. 2004 жылы құрылған бұл мектеп Жайылма ауылында Бәкен Серікбаев көшесінде орналасқан. Жалпы аумағы 1600 шаршы метрді құрайды.

11 жаттықтырушысы, 286 спортшысы бар мектепте спорттың тоғыз түрі қамтылған. Олар: бокс, грек-рим, дзю-до, қазақ күресі, футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қол күресі. Жалпы спорт мектебінде 18 оқу тобы бар. Жайылма балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары негізгі және қосалқы топта оқиды. Олардың ішінде жоғары жетістіктерге жетіп жүргендері, әртүрлі жарыстар мен турнирлерде жүлделі орындардан көрініп, биік-биік белестерді бағындырып үлгерген спортшылар аз емес. Мысалы, қыркүйек айындағы жетістіктерге жеке тоқталып өтер болсақ, осы, яғни Жайылма балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Асылжан Орынбасарова (2002 жылы туған, 63 келі салмақта) дзюдо күресінен Тараз қаласында 2002-2003 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен халықаралық турнирде ІІ орынды жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, Жайылма балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Мұхамедәлі Жылқайдар(2006 жылы туған, 44 келі салмақта) грек-рим күресінен Тараз қаласында өткен Жамбыл облысының чемпионатында ІІІ орынды иеленді. Бұл мектептің қабырғасында жаттыққан спортшылар арасында бұндай жетістіктер аз емес. Бұл, бір жағынан, жаттықтырушылардың да еңбегі екенін ұмытпаған жөн. Жалпы, спорт — дене мәдениетінің бір түрі десек, дене шынықтыру, салауатты өмір сүру – денсаулықтың мықты болуының кепілі. Сондықтан да, әркім өзінен бастап, өз өмірі мен денсаулығына жете мән беріп, спортқа ден қоя бастағаны абзал. Дәл осы көзқарасты ұстанған сарысулықтар дене шынықтыруға, салауатты өмір салтын ұстануға барынша көңіл қоюда. Ал спорт мектептері осындай мүмкіндікті сыйлайтын бірден-бір мекеме десек те болады. Сол себепті де, бұндай орталықтар бізге қажет.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close