Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіп

Жамбыл облысында пилоттық жоба бойынша 194 техника берілді

Бүгін «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында алынған ауыл шаруашылық техникаларын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, пилоттық он бір округте құрылған кооперативтерге 194 техниканы табыстады.

Шара барысында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта пилоттық жоба облыс тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізетінін атап өтті.

Аталған жобаның төртінші бағыты – ауыл шаруашылығы кооперативін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету. Бұл бағытқа 1 070,9 миллион теңге қарастырылып, ол қаржыға кооперативтерге қажетті техникалардың 29 түрінен 194 техника алынған болатын. Оның ішінде 33 трактор, 11 комбаин, 3 камаз көлігі және тағы басқа агросалаға қажетті 149 техника бар. Атап айтқанда, Байзақ ауданы Қостөбе ауылындағы «Қостөбе-2019» кооперативіне 14, Түймекент ауылындағы «Түймекент-2019» кооперативіне 18, Жамбыл ауданы Бесағаш ауылындағы «Іске Сәт» кооперативіне 22, Жуалы ауданы Бәйтерек ауылындағы «Атамекен Бастау» кооперативіне 19, Қордай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне 19, Меркі ауданы Сұрат ауылындағы «Сұрат Даму» кооперативіне 19, Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылындағы «Айдарлы Агро-2019» коперативіне 13, Сарысу ауданы Саудакент ауылындағы «Саудакент 2019» кооперативіне 20, Талас ауданы Үшарал ауылындағы «Талас-2020» кооперативіне 18, Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылындағы «Құмарық-Тау» кооперативіне 17, Шу ауданы Жаңақоғам ауылындағы «Омар-Шу» кооперативіне 15 техника табысталды.

Айта кетерлігі, бұл техникалар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей, Польша және өзіміздің отандық зауыттардан шыққан.

Бұл ауыл шаруашылығы техникалары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 пайызбен қосымша кепілсіз лизингке беріліп отыр. Алдағы уақытта осы техникалардың күшімен үй іргесіндегі 1 071,7 гектар және ауыл сыртындағы 77 362 гектар жер игерілетін болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close