Басты бетЖаңалықтарРуханиятӘдебиет

Жамбыл облысында Абай шығармашылығына арналған фестиваль өтті

Таразда Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастамасымен Абай шығармашылығына арналған облыстық фестиваль өтті. «Білімдіден шыққан сөз» деген тақырыпта Тараз мемлекеттік университетінде өткен шара барысында облыстың 10-нан астам мектебінен келген командалар өзара өнер, робототехника бойынша бақ сынады.

Шара шымылдығын «Хәкім Абай» театрландырылған қойылымымен ТарМУ студенттері ашты. Салтанатты ашылуда сөз алған ТарМУ ректоры Махметқали Сарыбеков және облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Фестивальда «Абайдың ізімен» атты білім саласын дамытудағы өзекті мәселелер бойынша дөңгелек үстел, «Абайдың қара сөздері – өнеге көздері» тақырыбындағы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу сайысы және «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» – робототехника олимпиадасы бір мезетте өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында мектеп басшылары мен жергілікті университет ректорлары мектеп пен ЖОО қызметіндегі сабақтастық мәселелерін талқылады. Олардың ішінде кадр даярлау, студенттердің білім сапасы, білікті мамандарды мектепке тарту туралы көкейтесті сұрақтар көтеріліп, бірқатар шешілу жолдары ұсынылды.

Университет фоесінде оқушылар құрастырған роботтар қазақтың ұлттық ойын түрлерінен жарысқа түсті. Олар асық ату, арқан тартыс, қыз қуу сияқты ойындарын ойнап, ептіліктерін көрсетті. Акт залында облыс аудандарынан келген мектеп командаларының орындауында Абай шығармалары бойынша драмалық қойылымдар көрсетілді. Сайыс талабына сай оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар бір сахнада өнер көрсетті.

Фестиваль соңында жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындар табысталды. Тараздық Зияткерік мектебі Абай шығармаларын сахналауда бірінші орынға ие болса, роботқұрастырудан екінші орынды еншіледі. Осылайша, қазақ данасы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған облыстық фестиваль білім мен өнер ұштасқан зияткерлік алаңға айналды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close