Басты бетМәдениетҚоғамӘлеумет

ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІН БЕЛДЕН БАСҚАН ДҮМШЕЛІК

ҚАЗІР НЕ КӨП – ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ КӨП. КҮЙІ КЕЛГЕННІҢ БӘРІ ЖЕКЕМЕНШІК ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ ШЫҒАРЫП, ТЕЛЕДИДАРДАН БІР-БІР ХАБАР АШЫП АЛЫП ЖАТЫР. БІРАҚ СОНЫМЕН НЕ ҰТТЫ? ОСЫМЕН ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢІП, КӨСЕГЕСІ КӨГЕРДІ МЕ?

Әлгі қаптаған хабарлар не көрсетерін білмей, айналдырған он шақты «ірі жұлдыздар» мен қаптаған «ұсақ жұлдыздарды» кезек-кезек шақырып, айналдырып көрсете береді. Сонда қоятын сауалдары:

– Не жейсің, не киесің, неше туфлиің бар, неше жігітпен жүрдің, қашан үйлене­сің? Одан қалса ерке тоқалдардың тоң­а­зыт­қышы мен қазы-қартасын көр­сете бастады. Бұл не? Онсыз да ел-аман, жұрт тынышта торғайдай тозып жүрген қара халыққа қыр көрсету ме?

Ал ашып алған журналдар мен газеттер не жазарын білмей, беттерін бояулы суреттермен толтырды. Одан қалса бет күтімі мен салат жасауды сөз етті. О бас­та Жаратушы құпия етіп жаратқан, сол құ­пиялылығымен де қасиетті ерлі-бай­лының төсек қатынасын түк қоймай зерт­теп, оқырманға «әдіс» үйрете бастады. Мұн­да қандай тәрбиелік мән бар? Қазақы әдеп-иба адыра қалған жоқ па?

Ал одан да қомақтылау, салмақтылау бір баспалар тірі тұлғаларға тиісуге бата ал­май, өлі әруақтың «әкесін танытып» жа­­тыр. Олардың айтуынша, Абай – апиын­­шы, Мұхтар – қызғаншақ, Ғабит – атаққұмар, Сәбит – көрсеткіш, Жамбыл – сұрамшақ, қайыр­шы, Мұқағали – алқаш болып шықты. Ау, ағайындар-ау, тым­ғұ­рыса халықты ая­саң­даршы. Ғасыр­лар бойы олардың көкірегінде алтын тұғырға орнап қалған мүсіндерді аяусыз құлат­па­саңдаршы! Ха­лық­тың сезімі мен махаббатын, сенімін тәрк етпесеңдерші! Ол адамдар, халық санасында – ұлы. Сол ұлы қалпында қалсын да. Халық оларды шығармашылығы бойынша бағалайды. Пендешілігі бойынша емес. Мықты бол­саң­дар қазіргі тірі ақын-жазу­шы­лар­ды сынаңдар. Жақсысын жақ­сы, жаманын жаман деңдер. Сонда сын шын, әділ болады. Жамандағанды былай қойып, мақ­тау үшін де өлуін күтеміз бе? «Жақ­сы­ны жақсы деңдер тірісінде» демеп пе еді Қадыр ақын. Неге Әмірхан Балқыбекке өлген соң айтылған мақ­тау­дың біреуін тірісінде айтпадық?

Бірді айтып бірге кетіп жатырмын. Ай­тайын дегенім – баспасөз қанша кө­бей­се де, «Қазақ әдебиеті» ешуақытта да көлеңкеде қалып, өзінің қадір-қас­ие­тін жойған емес. Уақыт сынына, сұ­ра­нысына, заман талабына төтеп беріп келеді. Толығып, түрленіп, жасарып келеді. «Қазақ әдебиеті» – исі қазақтың рухани болмысы­ның айнасы. Қаны сорғалаған қазақы сөздің қайнарынан қанып ішкендер ғана көтеріле алатын тектілер тұғыры. Соңғы жылдары газет басқаша сипат ала бастады. Ол тек «атты мен тондынікі» болып қана қоймай, халықтық сипат ала бастады. Онда көз­қа­растар қақтығысы, пікір­лер тоғысы, ашынғаннан айтылған ащы шындық та кезек орын алып жатады. Газет бет-бейнесінің өзгеруіне ұжымда Алмас Нүсіп, Роза Сейілхан, Ба­ға­шар Тұр­сынбай, Қарагөз Сімәділ, Айгүл Сәмет­қызы сияқты батыл да ізденгіш жастардың көбеюінің де әсері бар ма деймін. Осы орайда тағы да ғұлама Қадырдың:

Кейбір қарттар сияқты,

Тартыншақ бір артқа арба.

Батылдығын жастардың

Берер ме еді қарттарға, –

деген сөзі еске түседі.

Таяу бір арада газеттен қоғамның күл­­тілдеген жарасын, сартап запыранын дөп басқан Өмір Кәріпұлының «Ұлт­тық қайнар немесе қажетсіз дағдылар» атты мақаласын және Бекболат Әде­товтің «Қор болған сөз, қонбаған ақыл» мақала­сын айызымыз қана оқыдық. Әттең, осы жанайқайды сол мәңгүрттер оқымайды ғой. Иә, тіл жұтады. Алты қыр­лы алмастай жарқ-жұрқ етіп, бір-біріне көлеңкесін де, жарығын да түсіріп, сан құбылатын тіл, оралымды, құбылмалы, астарлы, реңкті тіл – баба тілі – көзал­ды­мызда Аралдай тартылып құрып барады. Себеп неде?

Біріншіден, отбасы – негізгі фактор. Қазақы сөз, қазақы тіл балаға сүтпен бе­ріліп, сүйекке сіңбесе, үйрету мен ұрсудан түк те шықпайды.
Екіншіден, мектеп білімі, бағдарла­ма­сы. «Ана тілінің негізін сіңіріп алмайынша, бөгде тілді оқытудың керегі жоқ» деп еді ғой Ахмет Байтұрсынұлы. «Ұлтым, Ала­шым» деп еңіреген ердің тымғұрыса осы сөзін ескермедік-ау! Қазір 9-сынып­тан кейін-ақ бала көсіліп сөйлеп сабақ айт­қанды, әдебиеттен мазмұндауды, жаттауды, шығарма жазып талдауды, көркем шығармалар оқып талдауды мүлде доға­рады. Бұған арналған сағат­тардың бәрі тест сұрағын жаттауға ке­теді. Бірлі-жар әдебиетке қызығу­шы­лы­ғы бар балалар сұрақ қойса: «Онда нең бар, ей, одан да анда­ғы тест сұрағын жатта», – дей­ді мұға­лім. Сонымен, жылдар мен ат­тарды ғана жатқа білетін «мылқау-робот­тар» дайындап шығаратын фа­бри­каға айналған қазір мектеп. Қауіп­ті, қатерлі және жылдам меңдеп бара жатқан себеп – интернет. Торғай сорлы жылан арбағанда, жұтарын біліп тұрып, бірақ өзі соған қарай жылжи бе­ре­ді екен. Басқа жақ­сылы­ғын қайдам, дәл тіл үшін интернет сол жылан. Интернет қазіргі ұрпақты «тіл – шорқақ, ой – ма­қау» дейтін бейшара халге түсіріп жатыр. Интернеттегі диалог-әңгімелерді, әңгі­ме емес, салғыласуларды көргенде, менің көз алдыма құдық басында шапылдасып, біреуі «ә» десе, екін­шісі «мә» деп тұрған төрт-бес долы қатын елестейді. Сұрықсыз, сұрқай, бөстекі, бұралқы сөз­дер майданы. Ал көшеге шықса көретіні қызыл-жасыл дүние, жар­қыл­­да­ған жарнама. Жарнамаларда да өрес­кел сөздер, бықыған қате. Кейде ма­­ған бүкіл қоғам, бүкіл Қазақстан, бүкіл қала қаптаған қателермен шұ­быр­тып, әлемтапырық күйге еніп тұрғандай. Көр­ген­де тіксін­ге­ніңмен, жазып алмаған соң ұмытады екенсің. Бірақ бір-екі өрескел жарнама есте қалыпты. Осыдан бірер жыл бұрын (қазір өзгерген) «Саяхаттағы» үлкен дөңгелек айналым­ның қақ ортасында биік те кең плакатта «Кока-кола» сусыны жарнамаланды. Бір жігіт көпірік атқан Коланы төңкере жұ­тып тұр да, ас­тында орысша «Двойное удовольствие» деп тұр. Осыны қазақша «Екі рет рахаттан» деп аударыпты. Осы жарнама кем дегенде бір жыл тұрды-ау. Сол секілді қазір де әр көшенің бұры­шын­да әйдік плакаттарда «Бәріне бере­міз» деп жазылып тұр. Не береді, кімге береді? – ұқпай­сың. Тегі несие шығар. Олай болса, «Нес­иені бар­лық адамға бе­ре­міз» демей ме. Сол секіл­ді әр жерде-ақ «Жылдам етік жөндеу, жылдам сағат жөндеу» деп тұра­ды. Дұ­рысы – етікті не са­ғат­ты жылдам жөн­деу емес пе. Күні­ бү­гінге дейін көгілдір экраннан күніне қырық көрсетілетін «Ерімейді ыстықта, ериді ауызда» дегенді аударған бейбақ, қазақ тілі грамматикасы заңды­лығында баяндауыштың баста тұр­майтынын біл­мей­ді-ау, шамасы. Тіс пастасын жарна­мала­ғанда «Тіс сезім­тал­ды­­ғынан зарланатындар» дейді, дұрысы – зардап ше­гетіндер. Бұл – бұл ма? Корей, түрік сериалдары аудар­ма­сындағы қателерге ат сүрінеді. Көркем фильмді аудару – көркем шығарманы аударумен бірдей. Аударудың өзіндік заңы, ережесі, техникасы бар емес пе. Басқа ешбір тілде жоқ, тек қазақ тіліне ғана тән орфоэ­пия­лық-орфографиялық заңдылықтар бар, осының бәрін белінен басып, тисе – те­рек­ке, тимесе – бұтаққа деп аударып жатыр. Бұл – дүмшелік әрі сауатсыздық, әрі жауапсыздық. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік.
Дерліктей барлық кинода «біздікілер» деген сөз өріп жүр. Қазақ біздікі десе де, біздікілер демейді ғой. Қазақ грамматикасында – нікі, нықы, дікі, тікі – деген тәуел­дік формасы болғанмен, одан кейін – лар, лер – көптік жалғау жалғану фо­р­масы атымен жоқ. Бұл – осы ХХI ғасыр жа­ңа­лығы. Қазір бұл сөз мектепте де, көшеде де, те­леарналарда да қолда­ны­ла беретін болды. Сенен, менен – дегенді сен­нен, меннен – деп аударады. Жалғау жалған­ған­да түбірдегі – н – түсіп қала­тынын біл­мейді. Размерді – мөлшер дей­ді. Мөлшер емес, өлшем. Қазақта – мөлшер сөзі – сусымалы, қаптап, уыс­тап өлшенетін затқа арналады. Көркем шы­ғар­мада ғана қолданылатын поэти­ка­лық сөздерді орын­сыз қолданады. Мысалы, «баз кеш­тім» сөзі. Бұл сөзді «барғым келмейді» деген болымсыз етістік ретін­де әрбір екінші сөйлемге қолдана бере­ді. Бұл тіркес – «не хочудың» орнына жүр­мейді. Бұл тіркес – түңілу, безіну деген ас­тарлы ма­ғынада қолданылады. Сон­дай-ақ, «Барым да, нарым да сен» деген тіркес те әрбір сөйлемде жиі қайталанып, әбден жалық­тырып мезі етті. Қазақ тілі­нің ерекше заңдылықпен қорғалатын бір байлығы – идиомалық және фразео­ло­гиялық тіркестер. Тіркес өзгертуге, ор­­нын ауыс­тыруға болмайды деген заң­мен қорға­лады. Тіпті, сот ісінде мұндай тіркестерді аудармайды екен. Ал кино аударған аудармашы осы заңды­лық­тарға пысқыр­май­ды да. Әрбір тұрақты тіркесті өзінше өзгерте береді. Бұл тір­кес­тер кешелі-бүгін жасалған жоқ. Ға­сыр­лар бойы келе жатқан халық мұрасы. Оның авторы, жасаушысы – халық. Ондай болса, халық қазынасын өз бетінше бұза беруге аудар­ма­шыға кім хұқық берді? Мы­салы, «Бес саусағынан бал тамды» дейді, дұрысы – «Бармағынан бал там­ған». «Сең соққан қайықтай» дейді, дұрысы – «Сең соққан балықтай». «Ба­сым­ды айрандай еттің» дейді, дұрысы – «Шақшадай басым шарадай болды».
Ал аудармадағы әдеп пен этикаға келейік. Аудармашы әр кейіпкердің жынысына, жасына, мәдениеті мен ортасына, тіпті түр-келбетіне қарай өзіндік стилі, өзіне лайық сөзі болатынын біл­мей­ді. Сондықтан әйел кейіпкері де, еркек кейіпкері де бір сөзді пайдалана бе­ре­ді. Мысалы, «Не неси чушь» деген сөйлемді «оттапсың» деп аударады. Жа­ғым­ды немесе әйел кейіпкердің өзі «оттапсың» деп қарап тұрады. «Не подышал твоим ароматом» дегенді «Исіңді иіскемедім» деп аударады. Аромат – хош иіс, жұпар ғой, ал иіс – запах емес пе. Ендеше, осы сөйлемді «иісіңді иіскемедім» деп, әлде­бір хайуани жабайылыққа дейін жеткіз­бей-ақ, «жұпарыңды аңса­дым, жұпарың­мен тыныстай алмадым» дер еді-ау әде­­­­биеттен хабары бар аудармашы болса. Сол секілді сындардай сұлу кейіпкер Фериденің аузына қайта-қайта «жүргем, жүрмегем» сөзін салуы аса орынсыз. Бұл сөздің түп төркіні қазақ ұғы­мында онша жағымды емес. «Жалған жүріс, жүріске салынған адам» дегенді білдіреді. Өкініш­ке орай, осы «жүру» сөзі «бір-бірін ұна­та­ды, кездесіп жүр» деген сөздің орнын басып, ханның да, қараның да тіліне кіріп, толық қолданысқа еніп болды. «Карадайы» фильмінде алпыстан асқан кейуана «Күйеуім келеді, күйеуім қасымда болса болды» дегенді жиі қай­талайды. Ежелгі қазақ ұғымында «күйеу» деп – қалың­дығын айттырып қойып, күйеу­ші­леп ұрын келіп жүрген жас жі­гіт­ті айтады. Ол жігітті бүкіл сол ауылдың не рудың адамдары «күйеу» деп атайды. «Қыз Жі­бек» фильмінде Төлеген келмей қал­ғанда, Жағалбайлының ақсақал-қара­сақалдары «Ау, күйеу қайда?» деп аңта­рылғаны есі­мізде болар. Қазақы сөздің қайсы­сы­ның қай жерде қолда­ны­латынын Ғабеңнен өтіп кім білер. Ал заң­ды жұ­бай­лық ке­зеңде «жұбайым, қоса­ғым, жолдасым, отағасы, тіпті, дөре­кілеу болса да байым» деген атаулар қолда­нылады. «Байым» дегенде тұрған ешбір өрелдік жоқ. Ол кәдімгі «господин» – мырзам дегенді білдіреді. Ал «Сен келер­сің» сериалында адамды тышқан­ның баласы ғұрлы көр­мей, кірпік қақпай өлтіре салатын Танвир деген әйелді «ол өте ақылды әйел» дейді. Ақылды болса, қанішер болар ма еді? Айлакер, залым, жауыз десе жараспай ма? Осы қазір жү­ріп жатқан үндінің бір сериалында ғашық қыз-жігітті «бір-біріне құйып қой­ғандай» дейді. Айтайын дегені – «қандай жарасымды жұп» болу керек. «Құйып қойғандай» тір­кесі – киімге айтылады. «Көзім көлдей болды» дейді, дұрысы – «Көз жасым көл­дей болды» Сондай-ақ, Алла сөзі, ару сөзі, әділ сөзі – көрінген жерде қолда­ны­лып, қасиеті кетеді. Тегін­де ару сөзі – «сұлу, сымбатты, келбетті, көрікті, әрлі» деген сөздерді алмастыра алмайды. Ару сөзі – ең таза, ең қасиетті, періштедей пәк деген ұғым­ды білдіреді. Сайынның (көше) қыздары да шетінен сұлу, мүсінді, сымбатты. Олар осы қасиеттеріне сеніп қасқиып тұрады. Ал осыларды ару деуге бола ма? Ал қазы­лардың әділ екені баға берген соң ғана белгілі болады. Ендеше, күнібұрын оларды «Әділқазы» деп неге атап аламыз. Әділ­қазы деп таныстырған қазылар­дың халық сынына толмай жүрге­нін көрмей жүрміз бе? Тіпті, Төле би мен Қазы­бек би де өздерін «Әділ Төле, Әділ Қазыбек» демеген. Әділ деп халық атасын. Дұрысы – «тәуелсіз қазы» немесе «алқаби» десе орынды.

Ал, жарайды, сериалдарды кемпір-шалдар ғана көреді деп, өзімізді жұб­а­тайық. Жастар мен балалардың жарты өмірі теледидар алдында өтеді. Теле-жүр­гізушілердің, жұлдыздардың, әнші­лердің сөйлеу мәнеріне, киім киісіне, жүріс-тұрысына олар қатты еліктейді. Қазір телеарналар тәрбиесі ата-ана мен мектеп тәрбиесінен де ықпалды. Жастар телеарналарға қарап бой түз­ей­ді, тек сонда айтылған сөз ғана шын­дық деп санайды. Бір мемлекеттің, бәлкім, қанша шет мемлекеттің де назары мен жанарын өзіне аударып тұрған қазақ телеарнала­рында тағы да батти­ған, бадырайған қателер. Мысалы, 31-арнада «Ауа райы» сөзі талай жыл «Ауа-райы» болып жазылып жүрді. «Осы жер­де сызықша не үшін керек?» – деген бір адам болсашы. Тіпті, өздері білмесе, орысша «Прогноз погоды» дегенге қарап түзетпей ме? «Күлме дос­қа келер басқа» деген хабар болды. Мұн­да тиісті жерінде үтір жоқ. Дұрысы – «Күлме досқа, келер бас­қа» болу керек. Сондай-ақ, Рим цифрларынан ке­йін, ай, күн, жыл аттарынан кейін дефис қойыл­май­тынын және ешкім ескермейді. Әйтеуір қайта-қайта қоңырау шалып жү­ріп, «Ауа-райын­дағы» сызық­шаны ал­дыр­дық. Осы жыл ішінде ме екен, Астанада алтын домбыра үшін «Кіл жүй­рікте, кім жүйрік» деп қате жа­зыл­­ған (үтір ке­регі жоқ) сөйлем Конг­ресс-холл сахнасында атойлады да тұр­ды. Кейіннен осы қате түрінде телеар­на­лардан берілді. Осы қатемен «Алатау» газетінде басылды. Баяғыда коррек­торлар деген болушы еді, олар әр қатеге жауап беруші еді. Жә, қатені көрмедің деп Байбек Бауыржанды кінәлауға болмас. Қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен, түрікпеннің түбін­дегіні көретін Бекболат Тілеуханға не болды? Оны қой­ған­да, атақ­ты Еуразия университетінің үш бірдей ұстазы отырған жоқ па? Аманжол, Мұха­мет­жан, Балғын­бек. Ал күні кеше өзі жұлқынып сөз сұрап шығып, Елбасыға бел­гілі бидің сөзін жатқа айтып берген ана жүргізуші жігіт қалай білмеді осыны? Дәл қазір демалыс күні берілетін «Ас ар­қау» хабары да қате. Дұрысы – «Ас-ар­қау».
Бір кезде көше жарнамаларындағы, мекеме маңдайшаларындағы қателерді тауып, мінеп-сынап, түзеттіретін жақсы бір хабарды Назира Бердалы қызымыз жүргізді. Бірақ қатені көшеден терген Назира астындағы атын алты ай іздеген Қожанасырдай өзі сөйлеп тұрған теле-арналардағы қатені көрмеді. Назира бірде әлдебір пәтер-мұражайдың маң­дайшасындағы «сынтас» (мемориал­дық тақтаның қазақшасы ретінде алынған) деген сөзді сынады. Көшеде бірнеше адам­ға микрофон ұсынып, мағынасын сұрап еді, ешкім білмеді. Тіпті, елге танымал тұлға, Парламент депутатынан да сұрады – білмеді. Содан соң-ақ «депутат білмесе, бұл расында қате» деп ойлады-ау деймін. «Сынтас деген не, ол қандай мағына береді, сонда не, бұл тас біреуді сынап тұр ма, кімді сынап тұр» деп шат-шәлекей болды. Назираның ақынды­ғына дауым жоқ. Бірақ ол лингвист-ғалым емес. Ал «сынтас» сөзі қазақта бар. Мола басына қойылатын белгі – жалпақ тас тақта болса, оны «сынтас» дейді. Ал адам мүсініне келтіріліп қойса, оны «балбалтас» дейді. Мола емес, үйге қойылса да, өлі әруаққа қойылған тақта «сынтас» деп дұрыс жазылған.
Әдеп деп едік-ау! Арнайы күлкіге құ­рылған шоуларды сынамай-ақ қояйық. Бірақ соңғы кезде олар да әсіре да­ра­қы­лыққа, даңғойлыққа ұрынып жүр. Халықты күлдірем деп, анайы, тұрпайы сөзді еш именбей үлкен сахнадан айта беру ұят. Үнемі күлдіру шарт па? Ешкімді күлдірмей, жылатса да, «Алдараспанның» «Қарттар үйі» қандай тамаша! Міне, тәрбие. Күлкі тәрбие құралы бола білсе ғана құнды. «Астана кеші көңілді» деген хабар бар. Соны жүргізетін қыз қасындағы жігітке:

Мен саған жұмбақ айтам, – деді де, – «Кіргенде құрғақ, шыққанда су-су болып шығады» деді. Жігіт қысылып, қыза­рақтап кетті. Қыз болса, өші қалғандай қайта-қайта тәптіштеп, қайталап әлек.

Моншаға кірген адам шығар, шайға ба­тырған қасық шығар, – деп жігіт әр түрлі нұсқа айтты. Әлқисса, сонда қыз былай деді:

«Оны кез келген адам, мысалы, сені мен мен де жасауымыз мүмкін. Түрегеп те, отырып та жасауға болады. Оны жа­саған адам рахаттанады» деп көсілсін. Жігіт ыңғайсызданып басын сипады… Қыз жүзінде титтей қымсыну жоқ, таймаң-таймаң, жайнаң-жайнаң етеді. Әрине, айтылуы әдепсіз болғанмен, шешуі жап-жай осындай бір бөстекі жұмбақтардың барын білетін едік. Бірақ ол құрдастар, достар арасында әзіл үшін жеке отырыс­тарда айтылатын. Бүкіл Қазақстанның бетіне қарап бедірейіп тұрып эфирден айтылар деп кім ойлаған. Әрі қыз айтар деп кім ойлаған. Ал айтты, не ұтты? Оған не қыран-топан боп қырылып қалған адам да көрмедік. Сол жерде осы жұмбақ не үшін қажет болғанын ұқпадық.

«Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген – қарғыстың үлкені дейді ғой. Тыныш жүрмей тып-тыныш тұрған халық әнде­рінің сөзін өзгертіп алатындарын қайте­сің. Біліп өзгертсе екен-ау!.. «Балапан қаз» деген халық әні бар. Осындағы «Те­бісіп тай-құлындай ойнаған жер» деген жолды «айқасып тай-құлындай» деп өзгертіп айтады. Осы бір ғана сөз үшін Дулат Исабеков теле-сұхбатта аса қын­жылып сөйледі. Сөз қадірін білген соң айтады да… Осы сөз менің де арқама аяз­дай бататын еді. Себебі, «айқасып, айқаласып» сөздері қазақы ұғымда интим­дік сөздер.

Иығымда сіздің шаш,

Айқаласып, тайталас, – дейді Абай.

Күн қайда ғашық жармен айқа­лас­қан, – деген жолдар Төлеу Көбдікұлында бар. Ал бұл өлең ғашықтық сезім туралы емес, атамекен, туған жерге деген ұзат­қан қыз сағынышы емес пе. Құлын-тай айқас­пайды, тебіседі. Бұл – кез келген мал көр­ген қазақ баласына таныс сурет. Тағы осы «Астана» арнасында Нұрғиса Тілендиевтің қызы Динараның өнері, өмірі, қызметі туралы айта келіп, «еркек мінезді» деп мақтайды. Дұрысы – ер мінез­ді. Білгенге еркек – бір басқа, ер – бір басқа. Жынысы еркектің бәрі еркек, бірақ бәрі ер емес. Ер дегендер – қолы ашық, жүрегі жомарт, сертке берік, намысты да арлы, отбасы түгіл, Отанға қорған бола алатын, қажет болса, оққа да кеуде тосатын жігіттер. Еркек – мужчина, ер – мужественный. Арасы жер мен көктей.

Қара халыққа (тобырға) мәдениетті сөйле деп талап қоя алмайсың. Ал бір мемлекеттің бет-бейнесін бейнелеп жүрген әнші, әртіс, радио, теле-хабар жүргізушілері, айтыс ақындары мен ақындар, жазушылар, тілші-журналис­терге талап та қоямыз, өкпе де артамыз. Өйткені, олар – қоғамның айнасы. Бетіміз қисық болса, айнаға қарап түзейміз. Ал айна қисық болса ше?!

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ.

«Қазақ әдебиеті» газетінің архивінен алынған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close