Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғамӘлеумет

Таразда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында спорттық алаңша салынады

Таразда кешенді балалар ойын және спорттық алаңшасының құрылысы басталды, деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ демеушілігімен қолға алынған игі бастама «Менің Елім» бағдарламасы бойынша іске асып жатыр. «Қаратау» мөлтек ауданындағы №1, 2, 3, 4, 5 үйлерінің ауласынан салынатын аталмыш балалар ойын және спорттық алаңшасының жер көлемі 1300 шаршы метрді құрайтынын атап өткен жөн.

Жалпы, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры қолға алып отырған бұл жобада алаңшаның бірнеше түрі қамтылған екен. Атап айтқанда, жасанды төсеніші бар және қоршалған кіші-футбол алаңшасы, тартан төсеніші бар көше тренажерлары және тартан төсеніші бар балалар ойын алаңшасы. Бұл спорттық кешен құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ауланың және жалпы мөлтек ауданның тұрғындары үшін тегін негізде қолжетімді болады. Ал оның жергілікті тұрғындар үшін қажет екені айтпаса да белгілі. Себебі, аталмыш мөлтек ауданда 11800 адам тұратын болса, оның ішінде жоғарыда айтылған №1, 2, 3, 4, 5  үйлердің өзінде 1500 тұрғын бар екен. Сондай-ақ, мөлтек ауданда 1592 оқушыға арналған 1 жалпы білім беретін №38 мектеп пен 412 студент қамтылған «Тараз-Ғасыр» колледжі орналасқан.

Құрылыстың мақсаты– Тараз қаласы тұрғындарын спортқа баулу, жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтып өткен болатын. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», – деген еді Президент.

Бүгінде Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында Тараз қаласында көптеген шаралар жүзеге асырылып, спортқа барынша көңіл бөлінуде. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, осы мақсатта спорттық нысандардың қолжетімділігі сынды мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Оған жоғарыда айтып өткен балалар ойын және спорттық алаңшасының құрылысы дәлел.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close