Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғам

Таразда спорт кешені салынуда

Тараз қаласы Құмшағал массивінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен аула клубы салынуда. Тараз қаласын кезекті рет аралау барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев спорт нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталмыш спорт кешені мен аула клубына осы ауылдың түлегі, кәсіпкер Мақсат Сүлейменов пен Бақтияр Тоғайбаев 183,5 миллион теңге бөлген. Бұл туралы Ақпарақ ақпарат агенттігі облыс әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл тұрғын алқапта осы уақытқа дейін бір ғана спорттық нысан – жасанды жабыны бар шағын футбол алаңы жұмыс істеген болатын. Енді заманауи нысан бой көтеруде.

Жалпы, спорт кешені бокспен және күреспен айналысуға арналған залдармен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта іргетасы құйылып, қабырғалары төселуде. Іргелес аумақты абаттандыру, аллея салу жұмыстары жоспарланған. Кестеге сәйкес нысан келесі жылдың Наурыз мейрамын тойлауға толық дайын болуы тиіс.

Сонымен қатар, меценаттардың үлкен футбол алаңын салу, 260 орындық трибуна салу жоспары да бар. «Ұлан» стадионы өзінің ескі жасанды жабындысын беруге уәде етіпті.

Бұл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» жобасын жүзеге асырудың жарқын мысалы. Өз ауылының патриоттары Мақсат пен Бақтияр өз есебінен бес көшеге жарық беруді жоспарлап отыр десек, алайда басқа ұйымның балансында тұрған тіректерді пайдалануға қатысты мәселе туындап отыр екен. Сонымен қатар, олар су мұнарасын өз күшімен жөндеуге ниетті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close