Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіпҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында әйелдерге арналған бизнес-тренинг өтті

Ауыл – бизнеспен айналысуға қолайлы мекен. Мемлекеттік бағдар­ламалардың бірқатары ауыл­ды дамытуға, әлеуетін көтеруге, ондағы халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыз­дықты жоюға бағытталған. Мемлекет тарапынан ауыл азамат­тарының кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалуда. Соның арқасында өз кәсібін ашып, дөңгелетіп жатқан жандар да бар. Ер азаматтармен қатар әйелдердің де белгілі бір кәсіппен айналысуына мүмкіндік беріліп отыр. Тек сол мүмкіндікті пайдалана алса болғаны.

Бұлай дейтініміз, өткен аптада Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің акт залында жергілікті әкімшіліктің қолдауымен ауыл әйелдеріне арналған «Coca-Cola белестері» блиц-тренингі ұйымдастырылды. Айтулы шараны жүргізген «Жасыл экономика» коалициясының бизнес-тренері Гүлзира Жұмабекова осал топқа жататын әйелдер қауымын «Coca-Cola белестері» әлеуметтік жобасы жайында құлағдар етті.
– Бұл жобаны «Coca-Cola» халықаралық қоры мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «Жасыл экономика» коалициясы жүзеге асыруда. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік және қоғамдық әлеуетін ашу мен күшейту, әйелдерге өзінің шағын бизнесін жылдам бастауына нақты мүмкіндіктер ұсыну. Жобаның сәтті жүзеге асуымен ауыл халқының тұрмыс сапасы, елді мекеннің экономикалық және экологиялық дамуы артады.
– Жобаға қатысыңыздар, қалыс қалмаңыздар. Мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Сіздер­ді ауыл әйелдеріне арналған «Coca-Cоla белестері» республикалық байқауына қатысуға шақырамын. Өздеріңіздің бизнес идеяларыңызды жүзеге асыру үшін берілетін қайтарымсыз грантты ұтып алыңыздар, – деген Гүлзира Балтабайқызы көпбалалы аналар­ға жобаға кімдер, қалай қатыса алатынын, республикалық байқау­ға қатысу шарттарын түсіндірді.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Тақырып бойынша мақалалар

Тексеру

Close
Close
Close