Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл ауданында еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер туралы жиын өтті

Жуырда Жамбыл ауданы Аса ауылы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде облыс әкімдігінің еңбек инспекция басқармасы басшысының орынбасары Ернар Есіркепов еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында келелі жиын ұйымдастырды. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі аудан әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Басқосуға аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркісіп бөлімі мен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары, жұмыспен қамтамасыз етуші мекемелердің басшылары қатысты. Жиында сөз алған Ернар Серікәлиұлы қоғамдық дүмпу тудырып жүрген бірқатар мәселелерге тоқталып, шешу жолдары мен тиімді амалдарын тілге тиек етті.
– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, еңбек қатынастары саласында жеке және ұжымдық даулар туғызып әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыратын негізгі мәселе – жалақының уақтылы және толық көлемде төленбеуінен болып отыр. Бұл орайда басқармамен жылдың басынан 419,3 млн теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар толығымен өндіріліп берілді. Осының нәтижесінде 3944 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Еңбек инспекторларымен еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында 59 жоспардан тыс, 3 ішінара тексеру жүргізіп, 496 жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарады.
Жалпы еңбек қатынастары туралы сөз қозғалғанда бірінші кезекте еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі тұратындығы белгілі.
Қолданыстағы еңбек заңнамасында жұмыс беруші жұмыскерді жұмысқа қабылдаған кезде еңбек шартын жасауға міндетті және адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жол берілетіндігі айқындалған.
Қазіргі таңда көптеген жерлестеріміз «сұр схема» бойынша еңбек қатынастарын заңдастырмай, ауызша келісім бойынша жұмыс жасап, еңбекақыларын қолма-қол, «конвертте» алуды әдетке айналдырып, өзінің әлеуметтік тұрғыда көптеген қолдаулар мен қорғаулардан айрылып отырғандығына мән бермеуде.
Мәселен, еңбек қатынастары заңдастырылмаған тұлға:
Біріншіден: жұмыс беруші тарапынан міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қорына қаражат түспеуі салдарынан – жұмыскердің сырқаттанып қалуы, декреттік демалыстарға шығуы және тағы басқа «сақтандыру жағдайлары» орын алған кездерде төленетін әлеуметтік төлемдерден қағылады;
Екіншіден: жұмыс беруші тарапынан аударылатын міндетті медициналық сақтандыру аударымдары түспеуі салдарынан – тегін медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылады;
Үшіншіден: жұмыс беруші тарапынан аударылатын біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қаражаттың түспеуі салдарынан – жұмыскердің еңбек өтілі жүрмейді, екіншіден зейнеткерлік жасына жеткен кезде лайықты өмір сүруіне жинаған қорының жеткіліксіздігі ең төменгі зейнетақы алуға әкеліп соғады.
Бұл орайда басқарманың еңбек инспекторларымен бейресми жұмыспен қамтылған тұлғаларға тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық «Еңбек шартын жасайық» атты шара ұйымдастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Елімізде соңғы жылдары жұмыс орындары технологиялық жағынан барынша жетілдіріліп, соның арқасында еңбек жағдайлары күннен-күнге жақсарып келеді. Мұндай өзгерістер еңбекті қорғау жүйесіне өзінің оң ықпалын тиігізіп, облыста қабылданған жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылықты жоюға бағытталған жол картасы еңбек ету қауіптілігі деңгейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр, – деді ол өз сөзінде.
Берері бар басқосуда жиынға қатысушылар өздерінің сауалдарын жолдап, толымды жауаптар алды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close