Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Президент жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды

  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, алдымен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар» зауытына барған Мемлекет басшысы аталған кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың шаңырағына барды. Тараз қаласында аса қауіпті лаңкес қылмыскерді құрықтау барысында қаза тапқан батырдың жары мен балаларының жағдайымен танысқан Мемлекет басшысы олардың қажеттіліктеріне де көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ғазиз Байтасовтың ерен ерлігінің бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, батыр есімінің ел жадында мәңгі сақтала беретінін жеткізді. Қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Ғазиз Байтасовтың атына Тараз қаласынан көше беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылған болатын.

  Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында болды. Мұнда Мемлекет басшысы «Көне Тараз» кешенінің саябағы аумағынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттармен танысты.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған орталыққа таяу «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде бой көтеретін нысандардың эскиздерімен танысты.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Арай Плаза» кешенінде өткен қорытынды жиынға қатысып, өңірдің білім, денсаулық сақтау сияқты өзге де маңызды салаларына тоқталды. Жамбыл облысында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға оң бағасын берді. Алайда, облыстағы қылмыс көлемін азайтуға күш салу керектігін де баса айтты. «Облыстағы қылмыс көлемін азайту керек. Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен, соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған тыйым салу керек! Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім. Сондықтан, әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деді Президент.

Сонымен қатар, өңірде туризм индустриясын дамытудың маңыздылығын ескеріп, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарын байланыстыратын «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырды. Сонымен қатар, жұртшылықпен кездесу барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Президент ретінде мен үшін басты міндет – биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру», деп атап өтті.

  Президентпен кездесу барысында Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Төлепберген еңбек қауіпсіздігін сақтау туралы айтса, кәсіпкер Анар Бексұлтанова І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға несие берілмейтіні туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар, Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның биология пәнінің мұғалімі Евгений Кравчук, «Біз біргеміз» волонтерлар қозғалысының төрағасы Уәлихан Болатбек мемлекеттің жастарға жасап отырған қамқорлығы жөнінде әңгімелесе, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов ғылым саласын ілгерілету туралы ойымен бөлісті. Өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарыссөзге шыққан азаматтардың ұсынысы орынды екенін, тиісті мәселелер бойынша Үкіметке тапсырма берілетінін атап өтті. Жиын соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекте табысқа жеткен бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын қорытындылады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close