Жамбыл облысында білім саласы назардан тыс болған емес. Мұнда қордаланған мәселелер де, жақсы жаңалықтар да бар. Ал оның барлығы жергілікті биліктің жіті бақылауында.
Алдымен бөлінген қаражат туралы айтар болсақ, ағымдағы жылы білім саласына 244,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53%-ын құрайды.
22 білім нысанының құрылысына 7,6 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның 7-уі пайдалануға берілді, жыл соңына дейін қалған 10 мектеп пайдалануға беріледі.
4,1 млрд. теңгеге 18 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 16-ы мектеп, 2-і балабақша.
Осы жұмыстардың нәтижесінде, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі.
Жылдағы мәселе қайталанбауы үшін, мектептердің құрылысын 20 тамызға дейін аяқтап, жаңа оқу жылына толығымен дайын болуы керектігіне назар аударылуда. Сапасыз жұмыс әрі кестеден кешіккен мердігерлер үшін қабылданатын шаралар жеңіл болмайды дейді облыс әкімі Н.Нұржігітов.
Сондай-ақ, қосымша білім беруге де ерекше ден қойылуда. 2021-2022 оқу жылында облыстың 76 мектептен тыс мекемелерінде қосымша білім берумен 67 796 оқушы (58 мемлекеттік, 7 мемлекеттік емес мектептен тыс мекемелер, 11 қала сыртындағы сауықтыру лагерлері), жалпы білім беретін мектептердің
3543 спорт секцияларында 101 356 оқушы, барлығы 169 152 немесе 71% бала түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтылған.
Соңғы уақытта саладағы көтеріліп отырған мәселенің бірі – аз қамтылған көпбалалы отбасылардың балаларын киім-кешекпен қамтуға бөлінетін 32 500 теңгеге қатысты болып отыр.
2022 жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларды әлеуметтік қолдауға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлінді.
Мұнда жыл сайын әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың саны да өсіп келе жатқанын ескеру керек. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 697 балаға артқан. Облыс бюджетінің мүмкіндігін ескере отырып, бөлініп отырған қаражат сол күйінде қалатын болды.
Мектепке дейінгі мекемелердің қызметі де бақылауда. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ел Президенті балабақшадағы қызмет сапасын арттыруды жүктеді. Балалардың қауіпсіздігін алдыңғы орынға қойған Мемлекет басшысы лицензиялау тәртібін қайта енгізу бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
2022 жылы облыста 2 197 орынды құрайтын 24 балабақша ашу көзделіп, жыл басынан бері 1 600 орындық 11 жекеменшік балабақша ашылды. 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен 100%-ға қамтылған. Тараз қаласындағы жекеменшік балабақшалар жаңадан ашылған 1 925 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлу мәселесін көтеруде. Қазіргі таңда облыста 207 жекеменшік балабақшалар жұмыс істейді және онда 21 989 бала тәрбиеленуде.
Өткен жылдың қазан айында 1-6 жас арасындағы кезекте тұрған бала саны 6 450 құраса, бүгінгі күні олардың саны 11 958-ге жеткен. Соның ішінде, Тараз қаласы бойынша кезектегі бала саны 8 038-ге артқан. Осыған байланысты, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жөніндегі қаулы жобасы әзірленіп, Әділет министрлігінде тіркелуде.
Қаражатты қайта бөлу есебінен облыс бюджеті 3 млрд. теңгеден астам қаражатты үнемдеп отыр.
Сондай-ақ, мектеп асханаларындағы ас сапасы да басты бақылауда. Облыс әкімі Тараз қаласы мен аудандардағы жұмыс сапарларының барысында оқу орындарының асханаларындағы ас сапасы мен мәзірін арнайы тексеріп жүретінін айтады. Дені сау ұрпақ – жарқын болашағымыздың кепілі десек, олардың денсаулығының дұрыс қалыптасуы үшін тұтынатын ас мәзірінде ағзаларына қажетті дәрумендер толық болуы шарт.
Жалпы, облыстағы 444 мектептің 407-де (91,1%) асхана бар. Мектеп асханаларына бүгінгі күні 48 жеке кәсіпкерлер қызмет көрсетуде. 2022 жылы жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан оқушыларды тамақтандыруға 2,9 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бір күндік тамақтың құны әр балаға 450 теңгені құрайды. Өткен оқу жылында ыстық тамақпен 47 598 бала қамтылған.
Асханаларда жергілікті өндірушілердің өнімдерін, әсіресе, бал, сүт өнімдерін пайдалану мақсатында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Жаңа оқу жылында тағам өнімдерін алуда жергілікті өндірушілермен келісім-шарттар жасалатын болады.
Сол сияқты, мектепке дейінгі жастағы балалардың тамақтануы да назардан тыс қалған емес. Бүгінгі күнде барлық бөбекжай-бақша балаларының тамақтануы үшін төленетін төлемақы орта есеппен 8 750 теңгені құрайды, яғни, бір баланың бір күндегі тамақтану құны 417 теңге. Бұл мәселе азық-түлік бағаларының өсуіне байланысты бақшаларда балалардың толыққанды тамақтану нормасына сәйкес қайта қаралды. Аз қамтылған және сол санатқа теңестірілген отбасыларға жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге қаржы қаралды. Бүгінде іске асыру тетіктері пысықталуда.