A place where you need to follow for what happening in world cup

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов БАҚ өкілдерімен кездесті

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов БАҚ өкілдерімен кездесіп, өңірдің ағымдағы жылдың 6 айындағы негізгі даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларына тоқталып өтті.

Есепті кездесуде облыс басшысы бірқатар мәселелерге тоқталып, олардың шешу жолдарын да атап өтті. Мәселен, облыстың экономикалық өсімі туралы сөз қозғай келе, Жамбыл облысының даму жоспарын талқылап, ірі-ірі инвестициялық жобалар жайлы айтып өтті. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынып, 2019 жылы бастау алған пилоттық жоба алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізген облыс әкімі жайылымдық жерлер, кәсіпкерлік, тұрғын үй мәселесі, сапалы ауыз су мен көгілдір отын, жол, жұмыспен қамту, кадрлық тағайындаулар, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларына дейін барлығы назарда екенін айтты.

Жиын соңында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі және халықтың беретін бағасы», — деген өңір басшысы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кездесулер жаңа форматта өтіп жатқанын тілге тиек етіп, барлығы 412 кездесудің 13-іне өзі қатысқанын атап өтті.

«Кері байланыс – қоғам мен билік арасындағы диалогтың, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізі. Біз облыстық әкімдікте үш ай бойы үздіксіз әр апта сайын мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту мәселелерін қарастырдық. Бірқатар нәтижеге қол жеткіздік. Аталған кеңестерде тұрғындар тарапынан көтерілген 28 мәселені қарадық. Нәтижесінде, 25 мәселе шешімін тапты, 3 мәселе шешілуде. Сұрақтардың басым бөлігі Тараз қаласынан түсті. Ешбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды», — деді Н.Нұржігітов.

Өз сөзін сабақтай келе, «мемлекет басшысы айтқандай, біз айқайшылар мен провокаторлардың жетегіне кетпеуіміз керек. Керісінше, объективті көзқарастағы, сын айтса да, конструктивті диалог құруға дайын барша қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс атқаруға барымызды саламыз» дей келе, кез келген өзекті мәселеге қатысты шешім қабылдайтын кезде алдымен қоғамдық пікірмен, халықпен санасу керек екенін айтып, шешім қабылдарда олардың ой-ұсыныстарын, пікірлерін ескеру маңызды екенін, сонда ғана түсінбестік, наразылық туындамайтынын жеткізді.