Жасыратыны жоқ, коронавирустың салдары денсаулақ сақтау саласына айрықша көңіл бөлу керектігін көрсетті. Бұған дейін де халықтың медицина саласына деген қажеттілігі өз деңгейінде жоғары болғаны жасырын емес. Ал бүгінде тіпті, маңызды салалардың бірі болып отыр.
Осы орайда Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға келер болсақ, бірқатар мәселелерді жеке-жеке айтып өтуге болады. Мысалы, облыс тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мақсатында үстіміздегі жылдың өзінде 8,2 млрд.теңгеге 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, 648,3 млн. теңгеге 9 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осының нәтижесінде тозған денсаулық сақтау ұйымдарының көрсеткіші 52,4%-дан 38,8%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Ал медициналық техникамен жабдықтау деңгейі – 88,4%. Осы мақсатқа облыстан 2,5 млрд. теңге бөлініп, қажетті медициналық құралдар алынуда, салалық министрлік тарапынан 12 санитарлық автокөлік беріледі деп күтілуде. Осының нәтижесінде, жабдықтау деңгейі жыл соңында 90,9%-ға жетпек.
Жалпы, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына ауқымды қолдаулар көрсетіліп, көптеген мәселелер шешілуде. Ендігі кезекте – халыққа ұсынылатын медициналық қызметтердің де сапасы жоғары болуы тиіс. Бұл тұрғыда облыс әкімі Н.Нұржігітов: «Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін біріншіден, әрине, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қажет. Осы орайда емханалардағы жұмыстардың сапасын жақсарту үшін учаскелік дәрігерлердің жүктемелігін азайттық, мысалы бұрын бір учаскелік дәрігер 1700 адамға қызмет көрсетсе, қазіргі таңда бұл 1540 адамға дейін азайды. Сонымен қатар, емханалар мен ауруханаларда «Кері байланыс» бағдарламасы енгізілді. Ол деген фокус группалар құрылып, тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, оларға емдеу мекемелеріндегі кемшілікті айтуға мүмкіндік беріп, халықтың айтқан ұсыныстары бойынша өзгерістер жасап, жеңілдету», — деп атап өтті өз сөзінде.
Даму жоспарына сәйкес, «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына 81 денсаулық сақтау нысанының құрылысы ұсынылады деп болжануда. Оның 6-ы аудандық орталық аурухана, 2 емхана, 31 медициналық пункт, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, 26 дәрігерлік амбулатория.
Жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу қашықтығы 500-ден
200 шақырымға дейін қысқарады.
Сонымен қатар, тозығы жеткен 19 нысан күрделі жөндеуден өтіп, нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 10%-ға дейін, типтік емес нысандар саны 90%-ға дейін төмендесе, медициналық құралдармен жабдықтау деңгейі жақсарады деп күтілуде.
Өмір сүру жасы ұзарады, нәресте өлім-жітімі 7,6 промильге, ана өлім-жітімі 10 промильге төмендейді деген болжам бар.
Міне, осы мәліметтерге қарап-ақ Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласына қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын бағамдай беруге болады. Әрине, облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, сапалы медициналық қызмет те назардан тыс емес екеніне көз жеткізу қиын емес. Осыдан-ақ жергілікті биліктің «Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің негізі» деген тұжырымға сүйенетінін байқауға болатын сияқты.