A place where you need to follow for what happening in world cup

Облыс әкімі бірқатар басшылардың жұмысын сынға алды

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен кеңес өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда азық-түлік бағасын бақылауда ұстау, мониторинг жүргізу, әлеуметтік дүкендердің жай-күйі мен қоймалардың дайындығы туралы қадау-қадау сұрақтар талқыланды.

— Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру жұмыстары – басты талап. Ол үшін бізде қажетті шаралар қабылданып, жоспар әзірленген. Бұл тұрғыда әлеуетіміз де жеткілікті. Дегенмен, осы орайдағы жауаптылардың жұмыстары ойдағыдай дей алмаймыз, — деді облыс әкімі.

Жиын барысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қоймалардан тауарлардың дүкенге делдалсыз жетуі жайлы айта келе осы бағытта қол қойылған келісімшарттарға тоқталды. Бүгінгі күнге дейін жалпы 17 мың тонна өнім көлеміне 204 дүкенмен келісім шарттар жасалған. Дегенімен келісім жасалған өнім көлемі әр аудан халқының тұтыну нормасы қажеттілігінің 5 пайызын да  қамтуға жеткіліксіз. Облыс басшысы осы бағытта әлі де көп жұмыс жасау керектігін баса айтты.

Бұдан бөлек кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев азық-түлік бағасына қатысты жүргізілген мониторинг жұмыстарының қорытындысымен таныстырып өтті. Оның сөзіне сүйенсек, тауарларға үстеме ақыны 15 пайыздан аса қосып сатқандар бар. Осы талапты бұзғандарға 16 ескерту берілген.

Облыс әкімі бұл тұрғыдан да жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысты кемшіліктерге тоқталып, жауапты мамандарға ескерту жасады.

Жиын барысында тауар өндірушілер мен сауда орындары арасында жасалған келісімшарттар нәтижесіз болып отырғаны, бұл жұмыстар кейбір аудандарда іске аспағаны да айтылды.

— Мемлекет халықтың жағдайын жақсарту, тұрмысын арттыру бойынша ауқымды шаралар қабылдауда. Бұл орайда өңірлік деңгейлерде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі маңызды.

Осы орайда жұмысқа деген көзқарасты өзгертетін кез келгенін тағы да еске саламын. Кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізу үшін көмек көрсетуіміз қажет. Жауапты басшылар, мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі тиіс, — деді Нұржан Нұржігітов.