A place where you need to follow for what happening in world cup

Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Мемлекет басшысы қызметтік борышын атқару кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Серікұлы Забикулиннің дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – деп жазылған жеделхатта.

Сондай-ақ президент тапсырмасы бойынша ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады.