Шу ауданында “Егінжай күні — 2022” семинары өтті
Шу ауданында “Егінжай күні - 2022” семинары өтті. «Qyzylsha» ЖШС-нің егістік алқабында ұйымдастырылған шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, елімізге белгілі ғалымдар, сала мамандары, облысқа қарасты барлық ауданның әкімдері мен ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасарлары қатысты.
— Бүгінгі шарада қант қызылшасын өсірудің озық технологиясымен таныстық. Облыс бойынша 120 мың тоннадан астам тәтті түбір жиналады деп күтілуде. Егіннен мол өнім алу үшін басты міндет – тұқым мен техниканы жаңарту, егістік алқабын тыңайту. Бүгінгі күнге 34,2 мың тонна тыңайтқыш алуға келісім-шарт жасалып, оның 32,1 мың тоннасы шаруаларға жөнелтілді, — деген Нұржан Нұржігітов биыл астықтың бітік шыққанын айтып, ауыл шаруашылығы техникалары мен су үнемдеу технологияларына тоқталып өтті.
Семинар барысында «Келет» компаниясының насос қондырғылары, техника, тыңайтқыш, пестицид пен тұқым көрмесі, «Qyzylsha» ЖШС-нің қант қызылшасы, картоп, дәндік жүгері, мақсары және «Шығын» ШҚ-ның пияз алқабы, «Volmant» компаниясының су үнемдеуге негізделген «Valley» қондырғылары қонақтардың назарына ұсынылды.
Ал ғалымдар өз ойларын ортаға салып, бірлесіп жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға дайын екендігін жеткізді. Оның ішінде «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің» ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Марат Қожахметов, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» білімді тарату және әзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейіткәрім Қалтаев, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» басқарма директоры Теміржан Айтбаев, «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми зерттеу институтының» бас ғылыми қызметкері Асан Бекешұлы Оспанов сынды қонақтар бар.
Шара барысында облыс әкімі жауапты мамандарды ғылыми институттармен бірлесіп, тұқым шаруашылығын жетілдіру бойынша нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.