A place where you need to follow for what happening in world cup

Су шаруашылығы – маңызды мәселе

Су шаруашылығы мәселесі Жамбыл облысында күн тәртібінен түскен емес. Бұл жолы да облыс әкімі Нұржан Нұржігітов халықаралық даму банктері арқылы құрылысы жүргізіліп жатқан каналдардың жай-күйін талқылау үшін жиын өткізді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңес отырысына ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы Нұржан Алдамжаров, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов қатысты.

Жиында «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев баяндама жасады.

— Қазір алқапқа су беру бағытындағы жұмыстар жоспарлы жүзеге асуда. Халықаралық даму банктері арқылы қазіргі кезде 6 мердігер жұмыс істеуде. Аудандардағы каналдар, ұңғымалар мен лотоктар, арналар жөнделуде. Бүгінде 2 су қоймасын күрделі жөндеу бойынша бюджетке өтінім берілді. «ПУИД-2» бағдарламасы бойынша үш ауданда жұмыс жүргізіліп жатыр. Шу ауданында сапалы жұмыс атқарылуда. Қордайдағы шаруалар да аяқталды. «Ынталы» су қоймасын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаруалар су тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізуде, – деді ол.

Облыс басшысы ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының үшінші кезеңіне жалпы өңірдегі 305 каналдың 183-і жобаға енуі аса маңызды екенін атап өтіп, оның нәтижесінде облыстың 5 ауданында жалпы ұзындығы 1 240 километрді құрайтын суару жүйелері қалпына келтірілетінін жеткізді. 31,3 мың гектар суармалы жерлердің сумен қамтамасыз ету деңгейі артады және бұрын істен шыққан 32 мың гектар суармалы жерлер қайта айналымға енгізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, су шығыны 2 есе азайып, облыстағы шаруалардың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс сапасы жақсарады деп көзделуде. Себебі, осы жоба толықтай орындалса, 6300-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі 2 есе ұлғайып, алынатын өнім көлемі жыл сайын 25,3 миллиард теңгеге артпақ.

– Вегетациялық кезеңде шаруаларға су жетіп, жобалар ойдағыдай жүзеге асты. Енді негізгі 183 каналды реттеу қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, Меркі ауданында ұңғымалар қазылғанын білеміз. Осы жүйені басқа аудандарға да барынша енгізу керек, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров сөз сөйлеп, мәселенің барлығы қаржыға тікелей байланысты екенін жеткізді. Жиын соңында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретіні айтылды.