Таразда Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы аталып өтті
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келгеніне – 110 жыл. Осы атаулы датаға орай ел көлемінде түрлі деңгейде іс-шаралар өтуде. Бұл тұрғыдан алғанда Жамбыл облысы да құр алақан емес. Оған Таразда бой көтерген Дінмұхамед Қонаевтың еңселі ескерткіші дәлел.
Ескерткіштің шымылдығын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, генерал Амангелді Шабдарбаев, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов түрді. Бұдан соң келген қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Ескерткіштің ашылу салтанатында белгілі актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов сөз сөйлеп:
«Сол кезде қырық жастың төңірегінде едім. Дінмұхамед Ахметұлы қолдау, көмегін аяған жоқ. Бірде «Известия» газетінен Қасым хан туралы материалды оқып, Шәкен Аймановқа фильм түсіруге тапсырма берген екен. Жылға жеткізбей фильмді түсіріп, Қонаевқа көрсеттік. Үлкен кісі өте риза болды. Мәскеу қаласында аталған фильмнің тұсаукесерін өткізіп берді. Димекеңнің ұлылығын айта берсек, сөз таусылмайды. Біраз жылдар кішкене аз айтылып қалып еді. Міне, бүгін Дінмұхамед Ахметұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Қонаев міне қайта құрметке бөленді. Қонаев енді мәңгілік жасай береді», – деді ол.
Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров сөз алып:
«Халқымыздың дара перзенті Дінмұхамед Қоневтың 110 жылдығы биыл ерекше жоғары деңгейде, халықтың үлкен қолдау-ықыласымен аталып өтуде. «Анам да – туған ел, данам да – туған ел. Мен халқыма сүйендім» деген Қонаевты біз тарихтан оқыдық. Қонаев өте жоғары деңгейдегі мемлекетшіл тұлға. Дінмұхамед Ахметұлы қашанда елім, халқым деді. Елді аралап халқының арасында жүрді. Қарапайымдылығынан танбады. Сондықтан халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Бүгінгі құрметтен де сол ықыласты аңғаруға болады. Құтты болсын!», – деді.
Содан кейін халықаралық «Қонаев қорының» президенті Элдар Қонаев:
«Бүгін өте қуанышты күн. Таразда Дінмұхамед Ахметұлына арналған ескерткіші бой көтерді. Ол кісі биік қызметте жүргенде Жамбыл облысына оң көзқараспен қараған. Зейнетке шыққан кезінде де Таразға, Қаратауға келіп кетті. Талас ауданы халқына арнайы сәлем беріп, атажұртын ұмытпады. Сол кезде Димаш атама ілесіп мен де келгенмін. Сол кезде де халықтың ол кісіге деген шексіз ықыласын көрген едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласын Қонаевтың атына беру туралы ұсыныс білдіргенде халық қолдады. Сол кезде халықтың ықыласын көріп таңданған едік. Міне, бүгін Қазақстандағы ең биік ескерткіш Таразда ашылып жатыр. Міне, осы ескерткіш бойымен де, ойымен де Димаш Ахметұлының деңгейін, болмысын аша түскендей, – деді.
Сондай-ақ, жиында Амангелді Шабдарбаев та сөз сөйлеп, жиналғандарды ескерткіштің ашылуымен құттықтады.
Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына арналған салтанатты жиын ары қарай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Арнайы әзірленген Қонаев туралы шағын деректі фильмнің көрсетілуімен басталған шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйледі.
– Құрметті жиналған көпшілік! Іс-шараның арнайы қадірлі қонақтары! Ел жадында ерекше сақталатын ерен тұлғалар болады. Ондай ірі тұлғалар тарих бетінен орын алады. Дінмұхамед Қонаев – қазақ халқы үшін ерен еңбек сіңірген тұлға. Ол кісінің басшылығы кезінде 68 жұмысшы кенті, 43 жаңа қала пайда болды. Елдің экономикасы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі дамыды. Әлемде өндірілетін мыстың отыз пайызы, мырыштың қырық пайызы Қазақстанда өндірілді. Алматы ауыр машина жасау зауытының өнімдері әлемнің қырық мемлекетіне жіберілді. Фосфор өндіру ісі де ерекше дамыды. Қонаев ғылым саласына да ерекше назар аударды. Өзі жүзден астам ғылыми еңбектер жазды. Сондықтан дара тұлғаның еңбегі айтыла береді. Таразда Қонаев атындағы орталық ашылып отыр.Келген қонақтардың баршасына, көрші облыстардан келген өкілдерге зор алғысымды білдіремін, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Жиында аймақ басшысы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін таластық Лесбек Жаншораевқа табыстады. Сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Бостан Әбдиев, Жапарбек Күздеубаев, Амангелді Шабдарбаев марапатталды. Сондай-ақ Қонаевтың 110 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен халықаралық «Қонаев қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Әлімбек Жұмабаев, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, құрылыс саласының үздігі Марат Рахымбердиев, Тараз қаласының Құрметті азаматы Қыстаубай Сағынтаев марапатталды.
Салтанатты жиында Амангелді Шабдарбаев тау тұлғалы азамат туралы өзінің жазған еңбектері туралы айтса, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов азаматтығы, даналығы, уәдеге беріктігі жайлы естеліктерімен бөлісті.
Қонаевтың жеке дәрігері болған Ахат Әминұлы Дінмұхамед Ахметұлының басына іс түсіп, тергеу жүріп жатқан кезде Зухра жеңгей Мәскеуде ота жасатқанын айтып, сол кезде жарының денсаулығы аса қауіпті болса да: «Жолаушылар тасымалдаған рейспен келіңдер. Жеке ұшақ алмаңдар» деген Қонаевтың сөзін ерекше тебіреніспен еске алды.
Халықаралық «Қонаев қоры» облыстық қорының директоры Әлімбек Жұмабаев өз сөзінде ескерткішке үлес қосқан 500-ден астам азаматқа алғысын білдірді. Сондай-ақ шара барысында Элдар Қонаев, Батырбек Құлекеев марапатқа ие болып, ақын Маралтай Райымбекұлы «Қонаев жұлдызы» атты өлеңін оқыды.
Салтанатты жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің концертіне ұласты.
Осылайша, ұлы тұлғаға арналып ас беріліп, рухына Құран бағышталып, Қонаев тойы жоғары деңгейде аталып өтіп.