Таразда ҚР Өрттен құтқару спорты бойынша ХХІХ ерлер арасындағы және ІХ әйелдер арасындағы жазғы чемпионатының ашылуы өтті.
Барлық командалар мен олардың жетекшілер, жаттықтырушылары таныстырылып, жиналғандар қызметтік міндетін атқару барысында қаза болған өрт сөндіруші-құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Өзгелер үшін өз басын қатерге тігіп, мамандыққа деген адалдығын танытып жүрген кез-келген өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары!
Асқан жылдамдық пен жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін құтқарушы мамандығының ең басты міндеті – адамдар өмірін құтқару! Олардың әрбір жедел әрі табысты әрекетінің артында сан мыңдаған құтқарылған өмірлер тұрады.
Осы орайда, халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеуде аянбай тер төгіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге ризашылығымды білдіремін!
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың материалдық жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлінуде. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да төтенше жағдайлар қызметіне тиісті қолдаулар жалғасатын болады. Сіздер де өздеріңізге артылған жауапкершілік пен міндетті сезіне білесіздер деп сенемін!
Бүгінгі чемпионатта өздерінің анттарына адал болып, өзге жандардың өмірін сақтау жолында жанқиярлық танытып, қызмет бабында орны толмас қазаға ұшырап, ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші-құтқарушыларды құрметпен еске алып, есімін ескеру – борышымыз,-деді аймақ басшысы.
Жарысқа әр өңірден барлығы 34 команда, атап айтқанда, ерлер арасында 20, әйелдер арасында 14 команда қатысуда.
Апта соңына дейін созылатын сайыс оқу мұнарасының 2-ші және 4-ші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту, өрт сөндіру эстафетасы, жауынгерлік дайындық секілді өрт сөндіру-құтқару спортының төрт түрі бойынша өтеді. Іріктелген команда ағымдағы жылдың тамыз айында Стамбулда өтетін Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Әлем чемпионатына қатысатын болады.