Таразда Шерхан Мұртазаға ескерткіш қойылады
Биыл Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл. Осы атаулы датаға орай бұл күндері Жамбыл облысында қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – жазушыға ескерткіш қою.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілердегі «Шерхан Мұртазаның ескерткішін қай жерге қойған дұрыс?» деген сыңайдағы сауалнаманың көбейгені көпшілікке белгілі. Оның себебі де жоқ емес. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы ескерткішті қай жерге қойған жөн, архитекторлардың әзірлеген эскиздерінің қайсысы жақсы екенін анықтау үшін бұл жолы тек комиссия құрумен ғана шектелмей, халық арасында да сауалнама жүргізе отырып, елдің пікіріне құлақ асуды жөн көрген болатын. Сөйтіп, аталмыш басқарманың әлеуметтік желідегі парақшасында хабарландыру жарияланды. «…Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның ескерткіші бойынша зиялы қауым өкілдерінен комиссия құрамы жасақталып, мүсіншілер ұсынған 17 эскиздік жоба аталмыш комиссияның 03.06.2022 жылғы отырысында қаралып, үш нұсқасы мақұлданған.
Ескерткіштің орналасу орнын анықтау мақсатында ағымдағы жылдың 14 маусымында комиссия құрамы және сәулетшілердің бірлескен отырысы өтті. Ш.Мұртазаның ескерткішін Тараз қаласында орнату орны бойынша 14 ұсыныс түсті. Комиссия отырысының қорытындысымен ұсыныстар негізінде ескерткіш қойылатын қолайлы 3 жер анықталды.
Олар:
- «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ғимаратының алды;
- Сүлейменов көшесінің бойындағы «Баспасөз үйі» мен «Jambyl» телеарнасы ғимаратының ортасындағы аллея;
- Халықаралық Тараз инновациялық институтының Жамбыл даңғылы бойындағы жаңа ғимаратының алды.
Осы ретте Ш. Мұртазаның ескерткішін орналастыру бойынша жоғарыда аталған орындарға қосымша ұсыныстарыңыз болса, осы жазбаның (негізгі автордың парақшасындағы жазба) астына пікір қалдыруларыңызға болады».
Бұл мәселе қызу талқыға салынып, әртүрлі пікірлер де айтылып жатты. Нәтижесінде Шерхан Мұртазаның ескерткіші халықаралық Тараз инновациялық институтының Жамбыл даңғылы бойындағы жатақханасының алдына қойылатын болып шешілді.
Осы жұмыстың үйлестірушісі, «Көне Тараз» қоғамдық қорының Президенті Мұратбек Азимов:
«20 адамнан тұратын арнайы комиссияның шешімімен ескерткіш Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты ғимаратының алдына қойылатын болып шешілді. Әрине, комиссия мүшелері жүз пайыз қолдаған жоқ. Дей тұрғанмен, басым дауыспен шешім шығарылды», деді.