Жамбылда 17 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде
Бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен жиын өтіп, онда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін нысандар жайлы қаралды.
Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов өз баяндамасында биыл 17 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатқанын жеткізіп, оның ішінде 3 мектептегі жұмыстар кешігіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, биыл денсаулық сақтау саласында 8, мәдениетте 6, спорттық 1 нысан күрделі жөндеуден өтпек. Ол туралы тиісті басқарма басшылары айтып өтті.
Өз кезегінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев құрылыстағы кемшіліктер жайлы айта келе, күрделі жөндеу нысандарына жүргізілген мониторингтің қорытындысына тоқталды.
— Біз жаңа оқу жылына дейін барлық мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы керек деп ескерткенбіз. Балалар жаңа оқу жылында өз мектептеріне баруы тиіс болатын. Алайда, кейбір мектептердегі жұмыстар сын көтермей отыр. Неге жауапсыз мердігерлердің кесірінен балалар басқа мектепке сандалуы керек? Оларды бақылауда ұстауға тиіс басшылар неге немқұрайдылық танытады? Бекітілген кестеден кешігіп, құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде орындалған соң, сапаға қатысты мәселелер туындайды. Бұл ретте тұрғындар тарапынан айтылатын шағымдар да аз емес. Анықталған кемшіліктер бойынша барлық мердігерлерге заң аясында шаралар қабылдап, айыппұл салу жұмыстарын жүргізіңіздер, — деді Нұржан Нұржігітов. Облыс басшысы тиісті мемлекеттік қызметкерлердің, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау, тапсырыс берушілердің де жауапкершілігі болуы керектігін айтып, бұл мәселедегі кемшіліктерді сынға алды.