A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылда 3 мыңнан астам адамға жер беріледі

Баспана – халық үшін қашаннан өзекті. Басында үйі жоқ әр отбасы осы мәселені шешу үшін алдымен мемлекеттен көмек күтетіні жасырын емес. Бұндайда кезекке тұру керектігін білмейтін жан кемде-кем. Ал одан кейін әркімнің шама-шарқына қарай түрлі мүмкіндіктердің бар екені белгілі бола бастайды. Қалай десек те, тұрғын үй немесе жер алудың машақаты көп адамның басындағы басты мәселе. Ал бұл жағдай Жамбыл облысында қалай шешілуде? Ендеше, осы жағдайға назар аударсақ.

Бүгінге Жамбыл облысында 36 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрса,
164 мыңға жуық адам жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер кезегінде тұр екен. Өткен жылы жер алу үшін 128,4 мың адам кезекте тұрған екен. Яғни, көрсеткіштің өскенін байқауға болады. Жалпы, көпқабатты тұрғын үй кезегіне негізінен облыс орталығы Тараз қаласында, ал жеке тұрғын үй құрылысына жер алу үшін ауылды жерлерде көп тұрады екен кезекке.

Ал енді осы мәселе жергілікті жерде өз шешімін қалай тауып жатыр?

Облыста қазір 4388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, биыл оның 3120 пәтері (47 үй) пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жыл басынан бері 620 отбасына пәтер кілті тапсырылған.

Ал Даму жоспары шеңберінде 2025 жылға дейін 401 мың м2 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде Тараз қаласында — 223,2 мың м2 тұрғын үй бар.

Бұдан бөлек 52 млрд. теңгеге 14,3 мың жер телімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерімен қамтылуда. Оның ішінде Тараз қаласында 3 409 жер телімі бар. Жалпы, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3198 жер телімі таратылатын болады.

Бұдан бөлек, өңірде алғаш рет «Әулие-ата жастары» жобасы аясында 500 млн. теңге жеңілдетілген несие қарастырылып, 50 жасқа баспана беру көзделуде. Бүгінде іске аса бастаған бағдарлама алдағы жылдары да жалғасады деген ойдамыз. Жалпы құрылыс саласына ағымдағы жылы 100 млрд.теңге бюджеттік инвестиция бөлілініп отыр.

Міне, осы мәліметтерге қарасақ, бұл мәселе бірте-бірте өз шешімін тауып келе жатқанына көз жеткізуге болады. Баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесін шешуге көмектесу – мемлекеттің негізі міндеттерінің бірі десек, бұл тұрғыдан алғанда бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанына куә бола аламыз. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болса, біраз отбасы баспаналы болары анық.